Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, полиция қызметкерлері аң аулау ережелерін бұзуды анықтау, браконьерлік фактілердің жолын кесу бойынша жұмыстарды күшейтуде.

- Аң аулау маусымы енді ғана басталғанына қарамастан, 30-дан астам аң аулау әуесқойлары түрлі тәртіп бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды, - дейді департаментте. - Олар спирттік ішімдіктерді тұтынып, құжатсыз аң аулайды, негізгі қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. Өңірде 7 тұрғын рұқсат құжатсыз аң аулауды жүзеге асырған. Екібастұз қаласы полиция басқармасының табиғат қорғау полицейлері Атығай көлінің маңында рұқсаттық құжаттарсыз аң аулаған үш тұрғынды ұстады. Бұл тұрғындар ҚР ӘҚБК 382-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мысалы, Ақсу ауылдық аймағында полиция қызметкерлері жазық далада, Жолқұдық ауылының маңында жабайы аң аулау үшін ілмектер қойып, аң аулау ережесін бұзған ер адамды ұстап, ҚР ӘҚБК 382-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал 8 тұрғын аң аулау кезіңде ішімдік ішкен.

Успен ауданында рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде полицейлер 53 жастағы ауыл тұрғыны спирттік сусындар ішкенін анықтаған. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері аң аулау туралы белгінің болмауына қатысты 3 фактіні анықтады. Рейд барысында 7 адам аңшылық қаруды тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін ұсталды. ҚР ӘҚБК 484-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Айта кетерлігі, аң аулау теқ қана аңшылық шаруашылықтары аумағында ғана рұқсат етіледі және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы ұлттық саябақтар мен мемлекеттік қорықтарда тыйым салынған.

Қазіргі уақытта суда жүзетін құстардың, жыртқыш және тұяқты жануарлардың кейбір түрлерін атуға рұқсат беріледі. Аң аулау әуесқойларының өзімен бірге аңшы куәлігі, аңшылық атыс қаруына рұқсаты және белгілері жапсырылған жолдамасы немесе жабайы жануарлар мен құстарды атуға лицензиясы болуы қажет.

ҚР аумағында аң аулау ережелерін бұзу ҚР ӘҚБтК-нің 382-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке немесе ҚР ҚК-нің 337-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. ӘҚБтК-нің 382-бабының санкциясы жеке тұлғаларға қатысты 5 АЕК мөлшерінде, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды көздейді.

Жыл басынан бері Павлодар облысы полиция департаментінің табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері 587 әкімшілік бұзушылық фактісін тіркеген.

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам