Қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Аманбек Ұнатұлы бөлінген қаржының 41 млн 700 мың теңгесі ауылдық жерде тұратын 10 адамға берілгенін атап өтті. Ал, қала бойынша 18 адам 286 млн 700 мың теңге шағын несие алды.

- Аталмыш несиені жұмыссыз, өз кәсібін ашқысы келетін және кәсібі бар адамдар ала алады, - деді Аманбек Ұнатұлы. – Ол үшін «Бастау Бизнес» немесе «Бизнес кеңесші» арнайы курстарынан өту қажет. «Бастау Бизнес» бойынша 3 апта, «Бизнес кеңесші» бағдарламасы бойынша 2 күн дәріс алады. 5 жылға несие алса сол жылдар аралығында тығыз байланыста боламыз. Бізде қандайда да бір жеңілдіктер болып жатса бірден осы азаматтарға айтамыз. Мысалы, «Береке» серіктестігіні келесі жылдан бастап әлеуметтік жұмыс орны жобасына қатысқалы отыр. Бұл жобада үкімет әр жұмыскердің еңбекақысының 35 пайызын субсидиялау арқылы қайтарып бере алады. Оған қоса, серіктестік жастар тәжірибесі жобасына қатысады. Оқуын жаңа бітірген жас түлектер жоба арқылы сол жерде мамандығы бойынша жұмыс жасай алады. Жастардың еңбегін толығымен үкімет төлеп береді.

«Береке» ЖШС директоры Қуаныш Сағантаев 2018 жылы жеке кәсіппен айналысу үшін 12,5 млн теңге шағын несие алған. Алған қаржыға өткен жылы наурыз айында 1000 шаршы метрді құрайтын ғимараттың 1-ші қабатынан «Береке» жедел асханасын ашып, 12 павлодарлықты жұмыспен қамтып отыр. Қызметкерлер, бір айда ауысыммен жұмыс жасап, 60-70 мың теңге жалақы алады. Асхана тәулік бойы жұмыс жасайды.

- Несиенің қаржысына асханаға қажетті барлық құрал-жабдықты, жиһаздарды және ыдыс-аяқты сатып алдым, - дейді Қуаныш Сағантаев. – 2 ай бұрын үстіңгі қабаттан шағын қонақ үй аштым. 1 күн тұру ақысы 1500 теңге. Wi-Fi қол жетімді. Көбінесе жүк тасымалдаушылар, іс-сапарларға келген адамдар тоқтайды. Біз оларға қажетті құжаттарды береміз. Мемлекеттік бағдарламада өте тиімді, қолайлы жағдайлар ұсынылған. Менің жоспарым – бизнесімді одан әрі дамыту. Сондықтан несиені төлегеннен кейін мемлекеттік бағдарламаға тағы да қатысамын.

Қуаныш Сағантаевтың айтуынша, кәсібін жалғастыра отырып қазіргі ғимараттың ішінен сұлулық салонын ашуды мақсат еткен. Ол үшін бүгінде бизнес жоспарын дайындауда. Қызметкерлерді табуға қалалық жұмыспен қамту орталығы көмектеспек.

Айта кетейік, «Еңбек» бағдарламасы бойынша шағын несие 6 пайызбен 7 жылға дейін беріледі. Қала бойынша берілетін максималды сома 160 млн 412 мың теңгені құраса, ауылдық жерлерде 6 млн теңгеге дейін алуға болады.

Айгүл Жүсіпова

Фото: Индира Лятина 

 

 

pavlodarnews.kz

Тэги: