30-шы жаңа маусымның ашылуына орай театр әртістері қызыл кілеммен жүріп өтті. Өнер ордасындағы 30 әртістің сегізі – жастар.

Театрдың бас режиссері Әділет Аханов Алматы қаласынан тағы 2 жас әртіспен келіссөз жүргізіліп жатқанын атап өтті.

- Олар өнер академиясы мен колледж түлектері, - деді Әділет Аханов. – Жастарды шақырғандағы басты мәселе – баспана. Театрымыз әртістерді жатақханамен қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта 10 қызметкер жатақханада жатады.

Жалпы, театрда 162 қызметкер бар. Бір қызығы, 30 әртіс ойнаған спектакль кезінде қойылымға жұмыс жасайтын адам саны 80-ге жуықтайды екен.

Бас режиссер биылғы маусымда 6 премьера қойылатынын айтады. Бүгінде театр репертуарында 50-ге жуық спектакль бар.

- Осы маусымда 1 трагедия, 2 комедия, 1 драма, 2 ертегінің премьерасы болады деп жоспарлап отырмыз, - деді Әділет Аханов. – Қазір Алматы қаласынан келген Мүсірепов театрының режиссері Данияр Базарқұлов Асылбек Ихсанның «Соңғы мамонт» туындысын сахналап жатыр. Мен Шекспирдің «Король Лир» трегаедиясын сахналап жатырмын. Осы қос спектакльге қызу дайындық жүруде. Бұны бұрынғы қойылым деп шатастыруға болмайды. Мысалы, бір әнді бірнеше әнші орындайды. Әркімнің тыңдарманы бөлек. Сол секілді, бір қойылымды әр театр өзгеше қылып қояды. Режиссер сол үшін керек. Қойылымның актерлық ойыны, режиссурасы басқаша болмақ.

Театр бір маусымда шамамен 200 рет спектакль қояды. Айына негізінен 15-16 қойылым ұсынылса, гастрольдік сапар, жоспардан тыс қойылымдарды қосқанда 200-ге жуықтайды.

- Биылғы тарихи 30-маусымдағы ерекшелігіміздің бірі – фестивальдер, - деді бас режиссер. – Өткен жылы Алматы қаласына бардық, фестивальдерге қатыстық. Ал, биыл жыл соңына дейін қыркүйек айының 24-і күні Семейдегі Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына арналған республикалық театрлар фестиваліне «Балалық шаққа саяхат» қойылымымен бара жатырмыз. Қазан айында Ақтауда өтетін «Әбіш әлемі» атты халықаралық театр фестиваліне «Король лир» атты премьерамызбен қатысамыз. Оған қоса, 2020 жылы тағы 2-3 фестивальге қатысу жоспарда бар. Фестивальге өту, қатысудың өзі оңай емес. Өйткені, қатыспас бұрын үлкен іріктеу болады.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, театр, Ж.Аймауытов театры, премьера, қойылым, мәдениет