Атамыш білім беру мекемесінің мәліметінше, авторлық құқықты ҚР Әділет Министрлігі Ұлттық зияткерлік меншік институты ұсынған.

- Аталған жоба мен үшін зерттеу әлеміндегі алғашқы баспалдағым десем қателеспеймін, - дейді Ислам Сүлеймен. - Түрлі ақпарат көздерімен жұмыс істеп, сыни тұрғыда сараптама жасау мен үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Болашақта да аталған жоба өз жалғасын табары сөзсіз, себебі таңдаған болашақ мамандығым да қоғамдық пәндермен тығыз байланысты. Осы жобам отандық туризмді дамытуға, шетелдік саяхатшылардың назарын аудартуға өз үлесін қосар деген сенімдемін.

Екі жылдан бері айналысып келе жатқан жобада Павлодар облысының тарихи-киелі орындары толық зерттелген және негізгі ақпарат қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде мобильді қосымшада орнықты. Оның Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы кесенесі, Ғабдыл-Уахит Хазірет кесенесі, Исабек Ишан Хазірет кесене кешені, Үміт апа мешіті мен Қоңыр Әулие үңгірі бар. Аталған орындардың инфрақұрылымы, туристерді қабылдау мүмкіндігі қарастырылып, сыни тұрғыда сараптама жасалған. Сонымен қатар, осы орындар бойынша саяхатшылар үшін ыңғайлы тегін мобильді қосымшада карта, чат және өзге де байланыс құралдары қамтылған.

- Павлодар облысындағы киелі туризм орталықтары туралы халық білгенімен, келушілерге жасалатын жағдайлар туралы мәліметтер аз болды, - дейді жоба жетекшісі Темірхан Қасымов. - Сондықтан біз жан-жақты мәліметті жинап, келушілерге ақпараттық базаны дайынду арқылы мобильді қосымша жасап шығардық. Оны кез келген смартфон қолданушысы Play Market-те пайдалана алады.

Айта кетерлігі, Ислам Сүлеймен бұл жобамен бірқатар жетістіктерге қол жеткізген. Оңтүстік Кореяның Тэджон қаласында өткен «Жас ғалым-2019» халықаралық байқауында, Алматы қаласында өткен желілік жобалар сайысында, Павлодар қаласында ИнЕУ-де «Болашаққа қадам» конференциясында 1 орын және Қазан қаласындағы халықаралық ғылыми жобалар сайысында 3-орын иегері деп танылған. Сондай-ақ, Түркияда халықаралық «Тіл, білім және мәдениет» конференциясында «Жас зерттеуші» номинациясына иеленіп, облыстық «Жылдың үздік start-up идеясы» конкурс-аукционында жеңімпаз атанған.

Бұдан бөлек, Оңтүстік Кореяда өз жобасымен Woosong университеті мен SolBridge халықаралық бизнес мектебінде білім алуға 80% жеңілдік алған.


Ақбота Сейсенбаева

Фото: НЗМ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, білім