«Музейдегі сырласу» атты кеш барысында ақын, жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ғалымбек Жұматов пен Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту, архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов залдың тұсауын кесті.

- «Музейлер шеруі» жалпыреспубликалық музейлік акциясы Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Ұлттық музейінен бастау алып, эстафета ретінде Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне жолданған болатын, - деді музей қызметкері Амангелді Егінбай. – Осы орайда рухани тақырыпта көптеген іс-шаралар өткізіліп, эстафета Баянауыл ауданындағы Қаныш Сәтбаев атындағы мұражайға жолданды.

Сырласу кеші әрі қарай «Қыш құмыра жасау» шеберлік сағатын тамашалаумен, музейдің әр залына қойылған қордың аса құнды жәдігерлерінен құралған көрмені көрермендерге таныстырумен жалғасты.

- Jastar залының алғашқы маусымы қаңтар айында ашылған болатын, - деді Амангелді Егінбай. – Екінші маусымда ақындық, әншілік, сурет саласында жүрген тағы 10 жас таланттың экспозициясы ұсынылып отыр. Бұл залға енетін жастар арнайы комиссияның талқылауы арқылы таңдалады.

Көрмеге жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожа» романының 1926 жылы Қызылордадан басылып шыққан түпнұсқасы, кино майталманы Шәкен Аймановтың бөрігі, әнші Жабай Тоғандықовтың домбырасы, ақын Мұзафар Әлімбаевтың шапаны және өзге де құнды жәдігерлер қойылды.

Айта кетейік, «Музейдегі сырласу» тақырыбында жас ақындар Ерболат Әміренов пен Абзал Қабдраш өз туындыларын оқыды. Жанболат Байсолтан мен Ұғыбайдолла Бейсенұлы әндерін шырқап, күйлерін орындады. Рухани кеште көрермендер Шәкен Аймановтың «Туған жер», «Амангелді» фильмдерін тамашалады.

Оразбек Саяхат
Фото: Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейі

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Бұқар жырау музейі, көрме, зал, мәдениет