Мүшәйраны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы өткізді. Байқауға 16-25 жас аралығындағы 30-ға жуық талапкер қатысты.

Жас ақындардың шығармашылығына танымал ақын, «Желдірме» ақындар мектебінің жетекшісі Асығат Тұрғанбек бастаған қазылар алқасы төрелік етті.

- Қазақ - қазақ болғалы бері бір сөзге тоқтаған, тіл арқылы руханиятын күйшейткен елміз, - деді Асығат Тұрғанбек. – Әуелден ақындарды, шешендерді, жырауларды ерекше құрметтедік. Тарихымыздағы тау тұлғалар белгілі. Қазіргі уақытта өңірімізде алашқа әйгілі Арман Қани ағамыз бастаған ақындар бар. Сол ұлы көшке кім ілесіп келе жатыр, олардың мақсаттары не, ойлары қандай екенін білу үшін осы мүшәйра жылда өтіп келеді. 30-ға жуық қатысушының ішінен ережеге сай жүлдеге лайықтыларды іріктеп алдық.

Асығат Тұрғанбек мүшәйраны келер жылдан бастап республикалық деңгейде өткізуге ұсыныс білдіргенін атап өтті.

- Өзге өңірлерде Фариза Оңғарсынова, Әбіш Кекілбаев сияқты тұлғалардың құрметіне дәстүрлі республикалық байқаулар өтіп жатады, - деді Асығат Тұрғанбек. – Бұл мүшәйра облысымызда жылда өтіп келеді. Басқармаға мүшәйраны республикалық деңгейде ұйымдастыру туралы ұсыныс білдірдім. Келер жылы республикалық байқаудың қорытындысына келеміз деген үміттемін.

Мүшәйра қорытындысы бойынша 3-орын С.Торайғыров атындағы ПМУ ІІІ курс студенті Дана Тілепбергеноваға бұйырды. 2-орынды Баянауыл ауданы, Ш.Айманов атындағы мектеп-интернатының оқушысы Сәния Ахат иеленсе, 1-орынды Ақтоғай ауданы, Қараоба мектебінің жас ұстазы Нұқ Ерболат жеңіп алды.

- Өлең жазуды мектеп кезінен бастадым, - дейді Нұқ Ерболат. – Алайда, жоғарғы оқу орнына барған кезде өлең дейтіндей өлеңдер туындады. Қостанай облысындағы Арқалық қаласына оқуға барғанымда елімізге белгілі айтыскер ақын Айбек Қалиевке шәкірт болу бұйырды. Ұстаздан тәлім алдым. Оған қоса, замандастырмнан, достарымнан, аға-бауырларымнан үлгі-өнеге алып келемін. Байқауға ереже бойынша жастарға ұран болатындай өлеңдерімді жібердім.

Сонымен қатар, қорытынды шарада облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов жүлдегерлерді марапаттап, жас ақындарға өңірде тілді дамытуға қатысты ойларымен бөлісті.

Оразбек Саяхат
Фото: Бекболат Сауырбай

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, жас ақындар, мүшәйра, байқау, мәдениет