Ескерткіштің салтанатты ашылуына ветеринария ғылымдарының профессоры, жерлес ғалым Зейнолла Тоқаев, Қазақстанның әр аумағында отызға жуық ескерткіш орнатқан Қуат Есімханов, қоғамға белгілі азамат Толымбек Манақбаев, Иманқұл Жүсіпұлының немерелері, ағайын-туыстары қатысты.

Шара барысында ардақты жерлесіміз жатқан зират басында құран бағышталып, ас берілді.

- Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тарихымыздың ақтаңдақ парақтарын түгендеп, ұлт деңгейінде ұлықталуы тиіс ұлық тұлғаларымызды танып білуге, насихаттауға мүмкіндік беруде. Осындай кейінгі ұрпаққа үлгі болар іс Алаш азаматы Қуат Есімхановтың бастауымен жүзеге асырылды. «Тоғайдың бес арысы» атанған өңірімізден шыққан Алаш қайраткерлерінің бірегейі Бәтістің Иманқұлына ескерткіш белгі қойылды, - дейді ішкі саясат бөлімінің  басшысы Саяуыш Садуақасов.

Иманқұл Жүсіпұлы Әлихан Бөкейхановтың тапсырмасына сәйкес Көкше өңірінен соқа-сайман әкеліп, өзі өскен Өтес ауылы маңында егін еккен. Павлодар уезі бойынша бас қазынашы қызметін атқарып, әділдігімен, жүректілігімен, шешендігімен аты қалған.

Биіктігі үш метр болатын белгі тасқа 49 мүшелінде бақилық болған азаматқа Қазанғап бидің ұрпағы Исаның Қабышы шығарған бір шумақ өлең жазылған. 

Найманда Ақан деген жұрттан едің,
Елуден бермен әрі қырықтан едің.
Мойының бұрылмайтын жарым қарыс,
Сен жүрген бұл өлкенің сырттаны едің.

Ескерткіштің өзі Қуат Есімхановтың демеушілігімен жасалса, абаттандыру жұмыстары «Ақтоғай – Рухани жаңғыру» қоғамдық қоры есебінен іске асырылды.

 

Фото: Ақтоғай ауданының ішкі саясат бөлімі

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам