Павлодар қаласының орталық стадионында өткен матчқа «Ertis» негізгі ойыншыларын шығарды. «Тараз» павлодарлық команданың Премьер-Лигада қалуға күрес жүргізетін тікелей қарсыласы. Матч басында алаң иелері тізгінді өздеріне алды.

12-минутта бұрыштамадан асырылған доп айналып Деян Георгиевичке жетіп, ойыншы баспен қақпаға тоғытты. Ойындағы ең есте қаларлық сәт осы болды.

Өкінішке орай, матч барысында «Ertis» капитаны Карлос Фонсека жарақатына байланысты ойыннан шықты.

«Ertis» ФК бас бапкері өз алаңымызда өтетін ойындарда 2 жеңіс пен 1 тең нәтиже арқылы Премьер-Лигада қалуға болатынын атап өтті.

- Лигада қалу үшін тікелей қарсыласқа қарсы үлкен жеңіс болды деген ойдамын, - деді Милан Миланович. – Бірінші таймда ойын онша жүрмеді. Екіншіде жақсы өрбіді. Қорғаныста сенімді болдық. Қарсылас соққылары қақпадан тыс кетті. Қауіп болмады. Бізде қауіпті 3 сәт болды. Лайықты, әрі қомақты жеңіс деп ойлаймын. Чемпионат әрі қарай жалғасады. Әлі 7 ойын бар. Соңына дейін осылай ойнау керек. Үйде өткізетін матчтарда 2 жеңіс пен 1 тең нәтиже керек. Сол арқылы Премьер-Лигада қаламыз. Бүгінгі жеңіс маңызды болды. Марко Станоевич пен Дмитрий Шмидт келесі ойында оралады. Командада бәсеке тумақ. Ал, Карлос Фонсеканың жарақаты қандай дәрежеде екені белгісіз.

Айта кетейік, турнир кестесінің соңында орналасқан «Ertis», «Тараз», «Атырау» және «Ақтөбе» командалары арасында лигада қалу үшін күрес жүруде. 25 ұпай жинаған павлодарлықтар 9-орында келеді. Одан кейінгі «Тараз» командасының еншісінде 19 ұпай бар.

25-турда «Ertis» атыраулықтардан 3-0 есебімен басым түскен.

Оразбек Саяхат
Фото: «Ertis» ФК

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, "Ertis", ФК, футбол, спорт