Оқушылар сарайының «Рухани жаңғыру» кабинетінде өткен баспасөз жиынында «Антарес» астроклубының жетекшісі Гульнар Баубекова және тәрбиеленушілері Алексей Беличенко мен Әмір Каратай Жаманшың кратерін зерттеу бойынша экспедицияның қатысушылары болғаны айтылды.

Жаманшың - метеоритті кратер, ғарыштан шыққан ерекше табиғи нысан. Жерге құлаған метеорит нәтижесінде пайда болған және Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында орналасқан. Кратер шамамен 1 миллион жыл бұрын пайда болған. Кратер - еліміздің ерекше қасиетті нысандарының бірі болып табылады.

- Экспедициядан соң Ақтөбе қаласының тарихи мұражайында Жаманшың кратеріне арналған конференция өтті, - дейді Гүлнар Баубекова. – Бұл жерде Жаманшың кратеріне әлемдік деңгейдегі геобақ мәртебесін беру туралы шешім қабылданды. Бұл біздің Жаманшыңға барған соңғы сапарымыз емес. Мен «Антарес» клубының барлық тәрбиеленушілерін осы жерге әкелемін деген жоспарым бар.

Сондай-ақ экспедицияда Қазақстан және Ресейдің астрономия және геология саласының атақты ғалымдары болды.

Жас астрономдар жиында кратерді жүріп өткендігі туралы баяндап, жер бетінде табылмайтын ғарыштан шыққан әйнектерді тапқандарын айтты.

- Экспедицияға барған кезде күркелерде тұрып, төтенше жағдайда өмір сүруге үйрендік, - деді Алексей Беличенко. – Түн мезгілінде жұлдызды аспанды бақыладық, экспедицияда телескоп болды. Бұл жерде аспан өте ашық екен. Сондықтан біздің бақылаулар ерекше болды. Әмір екеуміз ғылыми жұмысымыз үшін дерек жинақтадық. Оны біз жақында аймақтық конференцияда ұсынамыз.

Айта кетейік, аталмыш экспедиция Ақтөбе облыстық планетаридің бастамасымен өткен болатын.

pavlodarnews.kz

Тэги: