Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, тілдерді дамыту және латын графикасына көшіру бөлімінің басшысы Ержан Төкенов аталмыш бағытта атқарылған жұмыстармен таныстырды.

- 2017-2019 жылдары жалпы облыс бойынша мемлекеттік тілге 29587 адам оқытылса, ағылшын тіліне – 31018, басқа тілдерге – 12316 адам оқытылды, - дейді Ержан Төкенов. – Соның арқасында мемлекеттік тілді игергендердің саны 87,1 пайызды құрады. 2016 жылы бұл көрсеткіш 78 пайыз болған.

Ержан Төкеновтің айтуынша, бүгінде қазақ, орыс және ағылшын тілдерін қатар меңгерген өңір тұрғындарының үлесі 22,2%-ға жеткен. Үш жыл бұрын мұндай полиглоттардың саны 14% болған.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы өкілдері атап өткендей, 2016 жылдан бері Ресейде тұратын қазақ диаспорасы өкілдеріне ана тілін оқыту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Айталық, Омбы қаласы, Алтай өлкесі, Новосібір облысында өткен тіл курстарына 170 қандасымыз қатысты. Көршілес елдің аталған өңірлерінен келген қазақ диаспорасының 20 өкілі биыл қаламыздың әсем орындарын тамашалап, ұлттық салт-дәстүрлермен танысты.

Сондай-ақ қазақ тілін латын графикасына көшіру ісі жөнінде биылғы жылы Нұр-Сұлтан қаласында өңіріміздің 15 мұғалімін латын графикасындағы қазақ тілінің емле-ережелерін оқыту жұмысы жүзеге асты. Өңіріміздің әрбір қаласы мен аудандарының таңдап алынған аталған жаттықтырушылар жұмысты жер-жерлерде жүргізетін болады.

2017-2019 жылдары мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау «ҚАЗТЕСТ» жүйесінен сегіз мың адам өтті. Биылғы тестілеу 28 қазан мен 1 қараша аралығында өткізіледі. Аталмыш жобаға қатысуға кез келген адамның мүмкіндігі бар. Ол үшін 61-84-88 телефоны арқылы хабарласу керек.

Айбек Жұматов

Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: мемлекеттік тіл, қазақ тілі, тілдерді дамыту, диаспора