Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болып Мұрат Әбілқалықов тағайындалған.

- «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму және «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламалары шеңберіндегі жобалардың жүзеге асырылуын, энергия сақтау және цифрландыру салаларындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік мәселелерін бақылауға алу қажет, - деді облыс әкімі Мұрат Әбілқалықовқа. – Жұмыс өте көп. Сондықтан осы салалар сіздің назарыңызда болу қажет.

Оған қоса, облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Күзековты таныстырды. Ол басқарма басшысының міндетін атқаратын болады.

Сондай-ақ облыс әкімі аппарат басшысының орынбасары болып Саян Мұқанов тағайындалды.

Мұрат Әбілқалықов 1988 жылы дүниеге келген. «Жылу энергетикасы» және «Экономика» мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар. Ол 2009-2014 жылдар аралығында ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің электр энергетикасы және көмір өнеркәсібі департаменті электр энергетикасын дамыту басқармасының сарапшысы болып жұмыс істеді.

2014 жылғы қаңтар - 2015 жылғы шілде аралығында Павлодар облысы энергетика басқармасы энергоменеджмент бөлімінің басшысы лауазымын атқарды. Жаңа тағайындауға дейін энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет етті.

Айта кетейік, бұған дейін бұл ведомствоны жақында ғана Екібастұз қаласының әкімі болып тағайындалған Ержан Иманзайыпов басқарған еді.

Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, басқарма, басшы, саясат