Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ирина Сорокина мәлім етті.

- Адам мен қоғамға биологиялық факторлардың әсер ететін бірнеше жолы бар, - деді Ирина Сорокина. – Соның бірі азық-түлік арқылы жүзеге асады. Халықтың биологиялық қауіпсіздігі үшін 2015 жылдан бастап айналымдағы өнімдерге бақылау жасап келеміз. Оның ішінде азық-түлік бірінші орында. Биыл өнімдерден 2,5 мыңнан астам сынама алдық. 15 пайызы талапқа сай болмай шықты. Өткен жылы 7 пайыз болған. Талапқа сай емес өнімдердің 75 пайызы шет елдікі болып табылады. Көбі – балық, сүт өнімдері мен ет өнімдері. Сонымен қатар, департамент тарапынан 30-дан астам жоспардан тыс тексеріс жасалған.

Биыл 800 келіден астам сапасы нашар өнім анықталған. Оның 700 келіден астамы – сүт өнімдері.

- Кезекті жәрмеңкелердің бірінде уақыты өткен йогурт сатылып жатқаны анықталды, - деді департамент басшысы. – 700 келі йогурт Ресейден бір партиямен әкелінген. Түрлі атаудағы йогурттар болды. Кәсіпкер әкімдікпен келіспеген. Көлігімен келген де йогуртты төмен бағамен сата бастаған. Тексеріс нәтижесінде өнімнің уақыты өткен болып шықты. Прокуратура арқылы қоймасын аштырдық. Қоймадағы өзге өнімдер таза болды. Кәсіпкерге 200 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Жалпы, жаппай сауда орындардың бәрінде тексеріс жасаймыз.

Спикердің айтуынша, биыл сапасы нашар өнімдерге қатысты 900-ге жуық хаттама толтырылып, 73 млн теңгеден астам айыппұл салынған.

- Айыппұл бойынша сома үлкен. Себебі, сәуірден бастап айыппұл көлемі өсті. Алайда, 7 күн ішінде төлегендер айыппұлдың 50 пайызын ғана төлеуге құқығы бар, - деді Ирина Сорокина.

Оразбек Саяхат
Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, азық-түлік, өнім, сапа, бақылау