Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған байқауға 20-дан астам үміткер бақ сынауда. Ереже бойынша 15-35 жас аралығындағы қазақ тілін жетік меңгерген, шығармашылық дарынды жастардың қатысуына рұқсат беріледі.

- Бұл байқау алғаш рет 2008 жылы өткізілген, - деді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғыман. – Осымен 12-ші рет өткізіліп отыр. Басты мақсат - атақты әулие, танымал тұлға, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің көрнекті өкілі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының еңбегін халыққа насиаттау. Халыққа қызмет етудегі әрекеттерін жастардың бойына сіңіру. Сол арқылы ұлтжанды, патриот жастар өсіру. Сондай-ақ шығармашылық арқылы қазақ тілін өзге ұлттар арасында да насихаттау. Бүгін екі өзге ұлт өкілі қатысып отыр. Бұлар қазақ тілін еркін білетінін дәлелдеу үшін қазақ балаларымен бірге сынға түсіп жатыр. Демек, Мәшһүр Жүсіп оқулары қазақ тілінде болғанмен қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдерінің де қызығушылығын тудырып отыр.

Жыл сайын байқауға қатысу үшін 40-тан астам өтінім түседі. Олардың арасынан финалдық кезеңге қатысу үшін 20-дан астамы іріктеледі. Қатысушылардың өнері тілі мен дініне, ұлтына қарамастан бірдей талаппен бағаланады.

Ереже бойынша байқау 4 кезеңнен тұрады. 1 кезеңде үміткерлер алдын ала берілген «Ит дүние», «Ағайын», «Бес қымбат», «Бұлақ көзі», «Жеті жетім» атты 5 өлеңнің бірін сахнада қоржыннан суырып, жатқа айтып беруі тиіс. «Мәшһүр Жүсіп және Ислам әлемі» атты екінші кезеңде Мәшһүр Жүсіптің діни, философиялық еңбегінің бірін таңдап, өз ойын қосып айтып беруі керек. Үшінші кезеңде тарихи тұлғаның өмірі мен шығармашылығы туралы викториналық 30 сұраққа жауап берсе, 4-кезеңде Мәшһүр Жүсіпке арналған өлең жолдарын ұсынады.

- Байқаудың ережесі С.Торайғыров атындағы ПМУ жанындағы Мәшһүр Жүсіп атындағы ғылыми-практикалық орталығы қыметкерлерімен, Мәшһүртанушы ғалымдармен бірлесе отырып құрастырылған, - деді Мейрам Нұғыман. – Байқау арқылы қатысушы әулиенің өмірімен, шығармашылығымен танысып шығады. Оған қоса, нақты еңбектерін оқиды. Мәшһүр Жүсіп туралы біршама дерек біліп шығады. Егер шығармашылық қабілеті болса, тұлғаға арнаған жыр жолдарын ұсынады. Біз оны жинақ қылып шығарып табыстаймыз. Биыл 14 үміткердің өлеңі жинаққа енді.

Қазақ жастарымен бірге бағын сынауға келіп отырған өзге ұлт өкілінің бірі №5 мектептің 11-сынып оқушысы Валерия Коршунова байқауға қатысу мемлекеттік тілді меңгеруге құлшындыра түсетінін атап өтті.

- Қазақ тіліндегі туындыларды жаттау мен үшін қиын емес, - деді Валерия Коршунова. – Керісінше, қызығушылығымды арттыра түседі. Әр жолы жаңа сөздермен танысамын. Берілген 5 өлеңнің барлығын жаттап алғанмын. «Бес қымбат» өлеңі түсіп, сахнада аздап қобалжып, бір жерінде шатасып қалдым. 4 кезеңге қазақ тілінде шағын өлең шығарып әкелдім. Бұл қатысып отырған алғашқы сайысым. 1 айдан да аз уақыт дайындалдым. Бар шамамды салдым. Қазақ тілін 1-сыныптан бастап үйреніп келемін. Достарымның арасында қазақ ұлтының өкілдері де бар. Қазіргі уақытта орташа деңгейде білемін деп ойлаймын.

Жас мәшһүртанушылардың өнеріне филология ғылымының кандидаттарынан құралған қазылар алқасы баға беруде.

Айта кетейік, байқау жеңімпаздары мен қатысушыларына мақтау қағаздары, бағалы сыйлықтар мен кубоктар табыс етіледі.


Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Мәшһүр Жүсіп оқулары, байқау