Жиынға облысымыз бен қаламыздағы коммуналдық шаруашылыққа жауапты мемлекеттік органдар мен лифттерге қызмет көрсететін ұйымдар қатысты.

«Қазақстан Лифтшыларының Ұлттық Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Ержан Игібаев елімізде 2018 жылы қабылданған ҚР СТ 3305-2018 стандарттары туралы баяндап, олардың артықшылықтарын тізбектеп өтті.

- 2012 жылдан бері Қазақстанда лифт саласындағы лицензиялау тоқтатылғаны себепті, лифт нарығына қатысушылардың қызметін реттейтін ортақ ережелер болған жоқ, - дейді Ержан Игібаев. – Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында лифт компаниялары мен Үкімет өкілдері бірлесе жаңа Ұлттық стандарт талаптарын әзірлеп шығарды. Онда лифт құрылғыларына қызмет көрсететін және оларды жеткізетін компанияларға талапты күшейттік.

Ержан Игібаевтің айтуынша, аталған стандартты орындауды баршаға мәжбүрлейтін заң жобасы қазіргі кезде Парламенттің қарауында. Ол заң жобасы қабылданатын жағдайда лифт саласында қызмет сапасы арта түседі.

- Еліміздегі басты мәселелердің бірі – лифтердің сапасыздығы, - дейді Ержан Игібаев. – Кейбір жеткізушілер оларды белгісіз өндірушілерден алып келіп, артынша бұл қайғылы оқиғаларға әкеп соқтыратын. Ендігі кезде біз жеткізушілерге дистрибьютерлік құқыққа ие болып, лифтке үш жыл кепілдеме беруді талап етудіміз.

Өз кезегінде, «Иртыш-Лифт» ЖШС өкілі Николай Сергиенко Павлодар облысындағы лифттердің барлығы 2015 жылдан бері есептен шығарылғанын алға тартты. Ержан Игібаев бұл мәселені құзырлы органдарға жеткізетініне уәде берді.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: лифт, ТҮКШ, Ұлттық стандарт, ереже