Ұстаздар қауымын төл мерекемен қала әкімі Қайрат Нүкенов құттықтап, сәттілік пен табыс тіледі.

- Қызығы мен қиындығы қатар жүретін бұл жолды таңдау - тек жүректі жандардың ісі, - деді қала әкімі Қайрат Нүкенов. - Мен үшін әр мұғалім - дана тұлға, батыр тұлға. Шәкірттерді білім нәрімен сусындататын ұстаздардың еңбегі әрдайым биікте тұрады. Сіздерді төл мерекемен құттықтаймын және зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін!

Мерекелік кеш барысында қалалық «Жыл мұғалімі-2019» және «Жыл тәрбиешісі-2019» конкурстарының қорытындысы шығарылды. Сондай-ақ, «Үміт», «Шеберлік шыңы», «Шоқ жұлдыз» номинанттары анықталды. Үздік атанған білім беру саласының қызметкерлеріне бағалы сыйлықтар табыс етілді.

«Жыл тәрбиешісі - 2019» байқауының бас жүлдесін №96 балабақша тәрбиешісі Лидия Алейникова, «Жыл мұғалімі - 2019» конкурсында №19 ЖОМ тарих пәнінің мұғалімі Аян Күзембаев жеңіп алды.

- Қалалық білім беру бөліміне байқауды жоғарғы деңгейде ұйымдастырғандары үшін алғыс білдіремін, - дейді Аян Күзембаев. - Мұндай жарыстар арқылы мұғалімдер тәжірибе алмасады, білімін шыңдай түседі. Сондықтан ұстаздар қауымын мерекемен шың жүректен құттықтаймын және осындай байқауларға қатысуға шақырамын.

Салтанатты шара барысында ұлағатты ұстаздарға ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Павлодар қаласы әкімінің, облыстық білім беру басқармасының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.

Бұдан бөлек, білім беру жүйесіндегі көпжылдық және жемісті еңбегі үшін педагогикалық әулеттерді марапаттау рәсімі өтті. Мұндай құрметке бөленген Күзембаевтар, Герусовтар, Құниязовтар отбасылары дипломдар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Айта кетейік, №7 балабақша тәрбиешісінің көмекшісі Гүлмира Бейсембековаға «Алтын алқа», сондай-ақ , бірқатар педагогтарға «Күміс алқа» табысталды.

Айгүл Жүсіпова

Фото: Индира Лятина

pavlodarnews.kz

Тэги: