Арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында облыстық көркемсурет музейінің басшысы Айгүл Нұрғамысова өз сөзінде атап кеткендей, аталмыш іс-шараны өткізу жыл сайын дәстүрге айналған.

- Жыл сайын дәстүрлі түрде суретшілеріміз табиғат аясында өңіріміздің көрікті жерлерін кенеп бетіне түсіреді, - дейді Айгүл Нұрғамысова. – Биыл күз мерзімін таңдадық. Қазақстанның інжу-маржаны - Баянауыл өлкесінде 20 суретші жұмыс істейді.

Облыстық көркемсурет музейі басшысының айтуынша, Баянауылға жол жүретін қылқалам шеберлерінің 15-і павлодарлық болса, қалған бесеуі – алматылық. Өңіріміздің суретшілерінің арасында Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері, С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың ұстаздары мен жастар бар.

Қазақстан Суретшілер одағы облыстық филиалының төрағасы Өсербай Шоранов пленэрдің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатқанын атады.

- Мұндай шаралар еліміздің өзге де өңірлерінде өткізілуде, - дейді Өсербай Шоранов. – Күзде Баянауылға алғаш рет барғалы отырмыз. Пленэрге еліміздің ең талантты суретшілері қатысуда. Біздер – суретшілер облыс басшылығы, мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер ісі басқармасына алғыс айтамыз.

Қазақстан Суретшілер одағы облыстық филиалының төрағасының сөзіне қарағанда, әрбір шебер пленэрден үш сурет қалдыруы шарт. Найзатас, Жұмбақтас, Сабындыкөл, Жасыбай көлдерінің көріністерін кенепке түсіру жоспарлануда.

Алматылық қонақ Мұхтар Сыздықов пленэрге шақырған павлодарлықтарға алғысын білдіріп, осындай мәдени іс-шараға қатысқанына риза екендігін жеткізді.

Айта кетейік, мәдени іс-шара қорытындылары бойынша баянауылдық пленэрде салынған жұмыстар көрмеге қойылып, каталог басылып шығарылады.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Рухани жаңғыру, сурет, Өсербай Шоранов, облыстық көркемсурет музейі, плэнер, Баянауыл