Ұйымдастырушылардың айтуынша, барлығы 16 шаңырақ әлем елдерінің салт-дәстүрлерінен көрініс дайындаған. Ол үшін оқушылар әр елдің өзіне тән ерекшеліктері мен әдет-ғұрпы туралы жан-жақты ақпарат жинастырған және ата-аналарымен бірге  костюмдер дайындаған. Тіпті, кейбіреулері арнайы тіккізіп әкелген. 

Пән мұғалімдері мен кураторлар Қазақстан, Ресей, Украина, Түркия, Мексика, Корея, Германия, Африка континенті, Өзбекстан, Испания, Қытай, Колумбия, Гавайя мемлекеттерінің салт-дәстүрлерінен бірлескен қойылымдар ұсынды.

- Басты міндет - басқа мемлекеттердің тарихы мен салт-дәстүрлеріне деген қызығушылықты арттыру, шығармашылықты арттыру, - дейді орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлсім Доскарина. - Мұндай шаралардың нәтижесінде балалардың тілді меңгеруге деген құлшынысы артады. Бұл жолы да қатысушылар мен көрермендер көптеген жаңа мағлұматтармен таныс болды. Оқушылар ән айтып, би биледі. Ең есте қаларлық көрініс ретінде Африка тайпасының жаңбырды шақыру дәстүрін атап өтуге болады.

7 «Е» сынып оқушысы Алуа Ахат Африка тайпасының дәстүрін көрсетуді куратор Мәдина Қайыржанқызы ұсынғанын айтады.

 - Біздің «Мұрагер» деп аталатын шаңырақ байқауға екі апта қалған кезде дайындықты бастап кетті. Ол үшін грим және костюм таңдау жағынан ата-аналарымыз көмектесті. Қыздармен бірге шаманның биін көрсеттік. Сондай-ақ, жаңбыр жауған кездегі қуанышты сәттерді жеткізуге тырыстық, - дейді Алуа Ахат.

Қазылар алқасының шешімімен екі күнге созылған байқаудың нәтижесінде ереже талаптарына сай Ресей елінің салт-дәстүрін жоғары дәрежеде жеткізе білген «Жаужүрек» шаңырағы жеңімпаз атанды. Байқауға қатысқан барлық команда Алғыс хаттармен марапатталды.

Айта кетерлігі, Тілдер мерекесі қарсаңында жыл сайын әртүрлі мемлекетке қатысты бағдарлама әзірлеу дәстүрге айналған. Мәселен, өткен жылы оқушылар әлем халықтарының үздік әндерінен хор байқауын өткізген.

 Ақбота Сейсенбаева

Фото: НЗМ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, білім