- Олардың ішінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, бас дирижер Талғат Кәрімов жетекшілік ететін Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі де бар, - дейді Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының бас редакторы Сәуле Мұқаева. - 5 қазан күні Новосібір қаласында 1000 орындық Арнольд Кацтың атындағы концерттік залда, 6 қазан күні Омбы қаласының 1200 көрерменге арналған филармония концерттік залында атақты қазақ, кеңестік және шетелдік композиторлардың шығармалары орындалды. Сондай-ақ, республикалық, халықаралық конкурстар мен фестивальдердің лауреаттары да қатысты. Оның ішінде «Ретро» вокалдық ансамблі, «Samiyan» тобы мен «Шернияз» би ансамблін атап өтуге болады. Көркемдік жетекшілері - Мәдина Нұрғожинова, Нұрлан Беков. Дәстүрлі және эстрада әншілері де болды.

Концертті «Отандастар қоры» КЕАҚ ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен РҚБ Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырған.

«Отандастар қоры» КЕАҚ-ның маңызды бағыты - шетелдегі қазақ мәдени орталықтарын қолдау, шетелде тұратын отандастармен байланысты нығайту, қазақ ұлттық-мәдени орталықтарының жұмысын ұйымдастыруда тиімділікті арттыру.



- Қазақстан мен Ресейді ортақ тарих пен мәдениет, ұқсас менталитет, мәдени және ақпараттық кеңістік біріктіреді, - дейді Сәуле Мұқаева. - Мәдениет, ғылым және білім саласындағы Қазақстан мен Ресейдің жемісті ынтымақтастығы ұлттық бірегейлікті сақтауға және дамытуға, ана тілінде білім беруге, елімізде тұратын халықтардың мәдениетін еркін және тең дәрежеде дамытуды қамтамасыз етуге бағытталған. Екі күн қатарынан өткен концертте көрермен қауым үлкен рухани азық алды.

Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының басшысы Амангелді Қожанов Қазақстанның атынан Омбы облысының аймақтық Қазақ ұлттық мәдени автономиясының 20 жылдығымен мерекелеуге белсенді қатысқаны үшін Алғыс хатпен марапатталды. 

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам