Бұл туралы инвесторлар үйінде Қазақстан астық өңдеушілер одағы Павлодар өңірінің құрама жем, ұн тарту және жарма өндіруші кәсіпорындарымен кездесу кезінде мәлім болды.

- Биылғы жылы өңірде егіс алқабы 537 223 гектарды құрады, - деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ербол Арынов. - Бұл өткен жылмен салыстырғанда 61 537 гектарға артық. 2018 жылы жиналған бидай көлемі - 475 686 гектар. Жалпы жинау – 511 518 тонна. Бидай экспорты 232027,438 тоннаны құраса, ұн экспорты - 14172,98 тонна. Облыста ұн өндірумен жылына қуаттылығы 707904 тоннаға жететін 20 субъекті айналысады. Биылғы жылды сегіз айдың ішінде өндіріс көлемі 62 мың тоннаны, ал экспорт 14 670 тоннаны құрады. Павлодар облысында дәнді-бұршақты дақылдарды жинау алқабы 785,5 мың гектарды құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша біздің аймақ елімізде бесінші орынды алады.

Палата директоры бүгінгі күні агроөнеркәсіптік кешен алдына еңбек өнімділігін арттыру және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау міндеті қойылғанын атап өтті.

«Қазақстан астық өңдеушілер одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Евгений Ганның айтуынша, биыл ұн тарту кәсіпорындарының жұмысындағы экономикалық жағдайы көңіл көншітпейді. Себебі, астық жинауға да әлі де оңтайлы жағдай жасалмаған.

- Біз дәстүрлі түрде 14 млн тонна астық жинаймыз, - дейді Евгений Ган. - Ал биыл ең оңтайлы болжамдар бойынша 10 тонна жинауға тиіспіз. Яғни, бізде төрт млн тоннаға аз болады. Бұған қоса, биылғы жылы ауа райының салдарынан астық сапасы жағынан әртүрлі. Нашар астықты тамақ өнімі мақсатына қолдана алмаймыз. Ал, бұл жалпы өнімнің 15-20 пайызы деген болжам бар. Биыл өнім сапасы және саны жағынан да аз. Сондықтан астық тапшылығы бағаның өсуіне әкеледі. Қазіргі уақыттағы бағаны өткен жылмен салыстырсақ, 1,5 есе және одан да көп жоғары екенін көруге болады. Астықтың бір келісі 100 теңгеге дейін жетеді деген болжам бар. Бұл ұнның қымбаттауы мен тізбек бойынша нан өнімдерінің де қымбаттауына әкеліп соғуы мүмкін.

Айгүл Жүсіпова 

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар облысы, экспорт, өнім, ұн, Павлодар, экономика