Тұрғындармен кездескен Айдар Тастеміров сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында «Ертіс – адалдық алаңы» жобасының тигізген пайдасын келтірді.

- Бүгінде облысымызда «Ертіс – адалдық алаңы» жобасы жемісті қызмет етуде, - дейді Айдар Тастеміров. – Соның арқасында бизнес пен инвестицияларды қорғау қолға алынуда. Оған қоса, жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында кәсіпкерлерді бақылаушы органдардан қорғау мәселесі көтерілген болатын. Осы орайда, жыл басынан бастап бизнеске заңсыз қол сұғу жөнінде 18 қылмыс ашылды.

Сөз барысында Айдар Тастеміров Қазақстан Президентінің өз Жолдауында жариялаған «Естуші мемлекет» қағидасының тиісті деңгейде орындалмай жатқанын атап өтті. Осы орайда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментінің басшысы азаматтық қоғамды белсенділікке шақырып, қарапайым жандармен бірлесе отырып жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге болатынын айтты.

Әрі қарай тұрғындар өз сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Мәселен, кәсіпкер Олжас Омаров «Сарыарқа» мөлтек ауданындағы екіқабатты тозығы жеткен үйде орналасқан ата-анасының дүкенінің тағдырына алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, 76 шаршы метрлік үш бөлмелі пәтер орнына қалалық әкімдік небары екі бөлмелі пәтер ұсынуда. Оның үстіне, қала басшылығы дүкеннің заңсыз қызмет еткенін алға тартуда. Олжас Омаровтың пікірінше, осы жерде кәсіпкер мүдделері аяққа тапталуда.

Облыстық көлік саласы кәсіподағының төрағасы Василий Рудаков Павлодардағы жеңілдікке ие азаматтар санаттарының көптігімен келіспеушілік танытты.

- Павлодарда еліміздің ешбір жерінде кездеспейтін жеңілдікпен жүретін жолаушылардың 18 санаты бар. Бұл қалай жүзеге асатыны белгілі – қала басшылығы күштеп енгізеді. Жағдай қиындап кетті. Сіздердің көмек беруіңізді сұраймын.

Айдар Тастеміров барлық мәселелерді жіті бақылауға алып, барлығының шешу жолдарын қарастыратынына уәде берді.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: сыбайлас жемқорлық, Айдар Тастеміров, кәсіпкерлік, бизнес