ШҚО өнер музейінің директоры Бегайым Ұябаеваның айтуынша, қаламызға 31 сурет жеткізілді.

- Бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен облысымыздың әкімі Даниял Ахметовтың тікелей бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Арт заман» жобасы аясында ұйымдастырылған іс-шара, - дейді Бегайым Ұябаева. – Павлодарға Әбілхан Қастеев, Евгений Сидоркин, Гульфайрус Исмаилова, Әлібек Шоқанов, Марат Исмаилов сынды суретшілердің туындылары әкелінді. Барлығы - 31 жұмыс.

Павлодарлық суретші Галина Беспалова көрмені Шығыс Қазақстан облысының қала тұрғындарына жасаған сыйы деп қабылдады.

- Мұнда қойылған суреттерден кескіндеме өнерінің қалыптасу тарихын білуге болады, - дейді Галина Беспалова. – Әрбір туындының өз бағыты мен ерекшелігі бар. Көрменің тағы бір ерекшелігі – мұндағы суреттерден қазақтың ұлттық болмысы мен тыныс-тіршілігімен танысуға болады.

Экскурсия жүргізушісі Лариса Мартынова көрменің салтанатты ашылуына келген мектеп оқушыларына көрмеге қойылған семейлік шебер Нұрбұлан Өтепбаевтың «Абайдың портреті» суретінің тарихын әңгімелеп берді. Оның айтуынша, бұл сурет көпшілік мамандардың пікірінше, Абайдың ең шынайы портреті болып есептеледі.

Павлодарда «Арт заман» жобасы аясындағы көрме 6 қарашаға дейін жалғасады. Әрі қарай Шығыс Қазақстан өнерпаздарының туындылары Қарағанды мен Талдықорғанға бет алады.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Рухани жаңғыру, ШҚО, Абай, көркемсурет музейі, өнер