Ақсу қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айдос Оразалин аталмыш шара халықтың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.

- Бұл - тілді дамыту үшін қолға алып жатқан шараларымыздың басы, - деді Айдос Оразалин. – Бүгін табиғат аясына шығып, дастархан басында кішігірім жиын өткіздік. Қазақы әңгіме өрбіп, ақындар айтысын тыңдадық. Айтыста тіл мәселесі көтеріліп, қазіргі жағдай сөз болды. Келе жатқан ұлы Абайдың 175 жылдығы да айтылды. Мақсатымыз – осындай шара өткенін елге көрсетіп, қызығушылығын оятып, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту.

Шараға бөлім қызметкерлері, «Қазақ тілі» қоғамының өкілі, Еңбек ауылының тұрғындары мен мәдениет үйінің қызметкерлері және облысымыздың жас ақындары қатысты.

Бөлім басшысының айтуынша, алдағы уақытта осы сияқты домбырамен ән айтып, ән арқылы қазақ тілін дәріптейтін шара өтпек.

- Сонымен қатар, латын қарпіндегі қазақ тілін халыққа түсіндіру үшін алдағы аптада қала көшелеріне арнайы тақталар қойылады, - деді Айдос Оразалин. – Елордамызда арнайы курстан өтіп келген қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі бар. Сол маман көшедегі тақталар арқылы тұрғындарға латын қарпін түсіндіреді. Жазып көрсетеді. Бұл халықтың жаңа графиканы меңгеруіне көмектеседі.

Дулат Райымбек
Фото: Ақсу қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі

pavlodarnews.kz

Тэги: Ақсу, мәдениет, тіл