Акция еліміз бойынша 3 қазан күні бастау алған еді. Алғашқы күні өңірде 11 мың түп көшет отырғызылды. Акцияның негізгі мақсаты жас ұрпақты табиғатты аялауға және күтіп ұстауға баулу болып табылады.

- 2018 жылы табиғатты қорғау бағдарламасы шеңберінде «Ландшафт Камень» жеке кәсіпкерімен шарт жасалып, ол шарт бойынша кәсіпкер ағаш көшеттерін беретін болады, - дейді облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы Талғат Бейсенбаев. – Биіктігі 15 сантиметр екі жылдық бір көшеттің құны 7 теңгені құрайды. Қарағай көшеттері жергілікті климат жағдайында өсірілді.

Мамандар көшеттерді отырғызу кезінде олардың жергілікті табиғат жағдайына бейімделуін ескеру қажет екенін айтады. Мәселен, Павлодар облысы мен Шығыс Қазақстан облысының табиғат және климат жағдайлары ұқсас болғандықтан сол өңірден әкелінген көшеттер өзге жерден әкелінген көшеттерге қарағанда тезірек бейімделіп, жылдамырақ өсіп шығады.

Айта кетейік, қарағай көшеттерін отырғызу Павлодар – Омбы тас жолының бойындағы Павлодар ауылының маңында өткізіледі.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, республикалық акция, көшет отырғызу, экология