Ақтоғай ауданының Абай атындағы жалпы білім беретін орта мектебінде Амангелді Елтін атындағы математика кабинеті ашылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

Есімі облыс жұртшылығына ғана емес, республикаға да танымал математик жерлесіміз Амангелді Елтін 1949 жылдың 27 сәуірінде қазіргі Ақтоғай ауданы, Харьков ауылында дүниеге келді.

Облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Амангелді Қайырбайұлына арналған кабинеттің ашылу салтанатына Ақтоғай аудандық мәслихатының төрағасы Ж. Ташенев, Ақтоғай ауданы білім бөлімі басшысының орынбасары Д. Рамазанов, Ақтоғай ауданы «Нұр Отан» партиясы филиалының бірінші төрағасы Б. Альханов қатысты.

- Ашылу салтанатына метематиктің жұбайы, қызы мен күйеу баласы, дос-жарандары мен бұрынғы әріптестері де келді, - деді білім беру басқармасының баспасөз қызметінде. - Іс-шарада Ақтоғай ауданының айтыскер ақыны Бейсенбі Мұқажанов арнау айтса, оқушылар өлең жолдарымен кештің сәнін кіргізді.

Айта кетерлігі, кабинет іші «Математика, геометрия және стереометрия», «Дос-жаран - қауым ажары», «Амангелді ағамыздың марапаттары», «Ғылымды жер-көктен ізде, Бақытты еңбектен ізде» тәрізді оқушыларға ой салар, бағыт берер стендтермен безендірілді.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар облысы, Ақтоғай, мектеп, математика, Амангелді Елтін