Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Марат Шұғаевтің агенттікке мәлімдеуінше, Павлодардағы 15 наубайхананың нан өнімдеріне баға белгілеулері бұрынғы деңгейде сақталған.

- ПНТК нан бағасын көтергені рас. Компания басшылығы облыс әкімінің атына коммуналдық қызмет, жанар-жағар май және басқа да тауарлардың қымбаттауына байланысты комбинат нанның бағасын көтеруге мәжбүр екендігі туралы хат жолдады. Біздің мәліметтер бойынша, қалыпталған нан қазір дүкенде 105 теңгеден сатылуда. Бірақ бұл 5-6 жыл бұрын үстемдік еткен және қаладағы наубайханалар нарығының 80 пайызын қамтамасыз еткен ПНТК емес екендігін айтқым келеді. Қазір ПНТК Павлодардағы нан нарығының 20 пайызына иелік етеді. Қалған бөлігін орта және шағын наубайханалар алады. Бәсекелестік жоғары, - деді Марат Шұғаев.

Ол сонымен қатар, басқа наубайханалар да коммуналдық қызметтер мен жанар-жағар май бағасының өсуіне наразылық білдіріп, қалыпталған нанның бағасын көтергісі келетіндерін мәлімдегенін атап өтті. Алайда, осы уақытқа дейін облыстық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік басқармалары бағаны ұстап тұруға қол жеткізді. Алдағы уақытта павлодарлық нарықта нан бағасының көтерілуіне жол бермеу үшін облыстық әкімдік нан өндірушілерге арзандатылған ұн жеткізуге ниетті.

- «Павлодар» ӘКК, қала әкімдігі және облыстық кәсіпкерлік басқармасымен бірге біз алғашқы қадамдарды жасаудамыз, - деді Марат Шұғаев. – Бүгін облыс әкімінің орынбасарымен және қаланың барлық наубайхана басшыларымен кеңейтілген кездесу өткіздік. Шамамен дүйсенбіде 500 тонна бірінші сұрыпты ұнды бағаны көтермеуге келіскен наубайшыларға, оның ішінде ПНТК-ге, егер кәсіпорын біздің шарттарымызды қабылдап, бұрынғы бағаны қайтаруға келісетін болса, 90 теңгеден сатамыз.

Марат Шұғаевтың айтуынша, болашақта шаруа қожалықтары және ұн өндіретін басқа да кәсіпорындармен бағаны тұрақтандыру туралы меморандум жасасу жоспарлануда.

- Ұн бағасының өсуі байқалуы мүмкін, бірақ аса қымбаттамайды, - дейді Марат Шұғаев. – Астық бағасы – ол басқа мәселе. Бізге республикалық азық-түлік корпорациясы төрағасының орынбасары келіп, «Пахар» шаруа қожалығында тауар өндірушілермен кездесу өткізді. 10 күн бұрын бір тонна астықтың максималды бағасы 76 мың теңгені құрады. Бірақ бүгінде ол нарықтық бағадан төмендеген жоқ. Кәсіпкерлер астықты біздің шаруа қожалықтардан тоннасын кемінде 80 мың теңгеден сатып алады. Сондықтан астық өндірушілерге азық-түлік корпорациясының бағасымен беру тиімсіз. Сол себепті, біз еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігіне азық-түлік корпорациясында астықты қабылдау бағасын көтеру туралы хат жаздық. Бұл мәселе де шешілуде. Біздің қожалықтарды мәжбүрлеуге құқығымыз жоқ. Бірақ біздің облыстың патриот өндірушілері бар. Сондықтан олар астықты азық-түлік корпорациясына беруді тоқтатпайды деп ойлаймын.

Марат Шұғаевтың мәлімдеуінше, ұн бағасының өсу қаупі туындаған жағдайда бағаны ұстап тұру үшін азық-түлік корпорациясының бағасымен 25 мың тоннаға жуық астық сатып алу жоспарланған.

Дулат Райымбек
Фото ашық дереккөздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, нан, баға, ауыл шаруашылығы