Жиын барысында жетістікке жеткен кәсіпкерлер «Жас кәсіпкер», «Бизнес мектеп», «Бастау» жобаларының түлектерімен, бизнесте алғашқы қадамдарын бастайтын кәсіпкерлермен тәжірибе бөлісті.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Анель Жанпейісованың айтуынша, жастар форумы еліміздің барлық өңірлерінде өтуде. Биыл Жастар жылы аясында кәсіпкерлер палатасы «Жас кәсіпкер» жобасы аясында жастарды кәсіпкерлік негіздеріне оқытуда.

- Бүгінгі таңда аймақта барлығы 800 адамды оқыттық, - дейді Анель Жанпейісова. - Олардың 200-ге жуығы сауда, қызмет көрсету, өндіріс салаларында өз ісін ашуды жоспарлап отыр. Бүгінгі жиынға шоумен, мейрамханалар желісінің құрылтайшысы Айдар Кұрұмбаев, коуч-жаттықтырушы Ольга Лысенко, «Салық туралы қарапайым тілде» кітабының авторы Дмитрий Казанцевті шақырдық. Олар өздерінің жүрген жолы туралы айтады. Еркін тақырыпта қатысушылардың сұрақтарына жауап береді.

Шарбақты ауданынан келген 25 жастағы Сымбат Құбашев «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша курсқа қатысып, 500 мың теңге грант алған.

- Осы курс арқылы бизнес жобаларды құрастыруды үйрендім, - дейді ол. - Мен өзіме ұнайтын музыкалық, видео және фото өңдеу студиясын ашқым келді. Шығармашылықпен он алты жасымнан айналысып келемін. Қазір ауданда осы бағытта жұмыс істеу мақсатында құрал-жабдық сатып алдым. Тұрақты келетін адамдар бар. Алдағы уақытта аудио жазатын, суретке түсіретін мульти студия ашқым келеді. Ол үшін қосымша адамдарды қасыма аламын. Сонымен қатар, белгілі жұлдыздармен жұмыс істегім келеді.

Алматыдан келген «Кәсіпкерлерге көмек» республикалық орталығының директоры Дмитрий Казанцев кәсіпкерлерге салық туралы түсіндірді.

- Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, бизнес салықтан босатылатыны белгілі, - дейді Дмитрий Казанцев. - Қаржы министрлігінің бірінші шешіміне сәйкес бизнесті қандай ережелер бойынша тексереді, кімдер салықтан босатылады және тағы басқа сұрақтар талқыланады. Бұл салада он бес жыл еңбек етемін. Қазақстанның барлық аймақтарын аралап шықтым және 500-ден астам семинар өткіздім. Сондықтан осы тақырыпты жақсы білемін десем болады.

19 оқулықтың авторы Ольга Лысенконың сөзінше, қарапайым мектептерге қарағанда он есеге дейін жылдам оқытатын қарқынды авторлық бағдарламасы әлем бойынша үш мыңнан астам желіде сәтті жүзеге асырылуда.

- Балаларды төрт жарым жастан сегізінші сыныпқа дейін математика пәнін, жылдам оқуға, тілдерді меңгеруге үйретеміз, - дейді Ольга Лысенко. - Адамдар біздің бағдарламаны сәтті қолдануда. Дені сау және мінез-құлқында ауытқулар бар әртүрлі балалармен, ата-аналарымен, студенттермен жұмыс істейміз. Мен қарапайым ұстаздан бастап, желілерді құрған директорға дейін жүріп өттім. Қазіргі таңда әдістемелермен қатар, консалтинг құрастырумен айналысамыз. Басшы деген - жеке мамандық. Сондықтан басшы қандай болуы керек екені туралы айтамын. Онлайн режимде 140 директормен марафон өтуде. Басқара білу дағдысының болмауы көп нәрсеге әсер етеді. Бизнесті құру үшін компанияның мақсатын, бизнес процестерін жақсы білу керек.

Ақбота Сейсенбаева
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам