Бұл туралы 24.kz хабарлайды.

Ас атасы шамамен 80-82 теңгеге дейін өседі. Оның шарықтауына не себеп? Анық-қанығын бүгін Үкімет үйінде Ауыл шаруашылығы министрі айтты.

Қазір елімізде нанның құны әр өңірде әр түрлі. Шамамен 75-78 теңге. Бірақ министр «бұл баға 82 теңгеге дейін өседі», - деді. Неге? Сөйтсек, диқандарымыз қамбаға 19 млн тонна астық құйған. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 2 миллионға аз. Себебі жазда астықты аймақтарда қуаңшылық болды. Сондықтан нанның бағасы алдағы күндері өсуі мүмкін. Алайда Үкімет басшысы министрлікке тиісті тапсырма берді. Бағаны тұрақтандыру мақсатында.

Асқар Мамин, ҚР премьер-министрі:

– Бағаны тұрақтандыру мақсатында ауыл шаруашылығы министрлігіне азық-түлік корпорациясымен астықты уақытылы сатып алуды қамтамасыз етуді тапсырамын. Климаттың ерекшелігін назарға ала отырып, жиналған егінді сақтап қалу үшін барлық күш-жігерді жұмсау қажет. Сапархан Кесекбайұлы астықты қабылдау кәсіпорындарын астықты сақтауға уақытымен қабылдауына, ылғалды астықты кептіріп, өңдеуіне назар аудару қажет.

Бүгінде ел бойынша дәнді дақылдар алқабының 99 проценті орылған. Орташа есеппен әр гектардан диқандар 12,5 центрден өнім алды. Бірақ мұның өзі аздау болып тұр. Тиісінше енді шетелдерге сатылатын дәнді дақыл көлемі де биыл біршама азаймақ.

Сапархан Омаров, ҚР ауыл шаруашылығы министрі:

– Дәнді дақылдардың азаюына байланысты экспорттық әлеует өткен жылмен салыстырғанда шамамен 3 млн тоннаға төмендеуі мүмкін. Дәстүрлі импорттаушы елдердің сұранысы төмендегіні айта кеткен жөн.

Үкімет отырысында ел бюджетінің тоғыз айдағы орындалу да қаралды. Жыл басынан бері қазына қаражатының 8,6 миллиард теңгесі игерілмеген. Қаржыны жарата алмаған органдарды бүгін премьер-министрдің бірінші орынбасары - қаржы министрі Әлихан Смайылов жариялады.

Әлихан Смайылов, ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары, ҚР қаржы министрі:

– Ең көп қаржы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде игерілмеген. 1,5 миллиард теңге. Жоғарғы сот, мәдениет және спорт, сауда және интеграция министрліктерінде де қазына қаражаты игерілмей отыр.

Тек министрліктер емес, Алматы қаласы, Түркістан, ШҚО, Қарағанды, БҚО, Ақмола, Алматы облыстарында да қаражат игерілмеген. Ақшаны әкім, министрлер жылдың соңына дейін мақсатты түрде жарата білулері қажет деген Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жағдайды бақылауда ұстау керектігін айтты.

pavlodarnews.kz

Тэги: