Аталған фестивальде Ж.Аймауытов атындағы облыстық музыка-драма театрының ұжымы У.Шекспирдің Ә.Кекілбаевтің аудармасындағы «Король Лир» (трагедия) моноспектаклімен өнер көрсетті. Жалғыз адам ойнайтын қойылымда рөлді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бейбіт Шәнім сомдап шықты. Қойылымның режиссері – Әділет Аханов.

- Бұл халықаралық фестивальге қатысу мүмкіндігі еліміздегі 3 театрға ғана бұйырды, - деді театр басшысының орынбасары Жарқынбек Амантай. – Сол жүкті театрымыз абыроймен арқалап алып шықты. Шараға театрымыздың директоры, көркемдік жетекшісі қатысты. Фестивальге жиналған сыншылар, қазылар, көрермен моноспектакльге тұрып кошемет қылдырды. Бұл біздің облыстың мәдениеті мен руханияты үшін зор жетістік болды деген ойдамын.

Төрт күнге жалғасқан театр бәсекесіне белгілі актер және режиссер, Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасы төрелік етті.

Фестиваль қорытындысы бойынша павлодарлық театр «Король Лир» моноспектаклін үздік сахналағаны үшін лауреат атанды.

Айта кетейік, «ABISH ALEMI» I халықаралық фестивалінде Армения, Грузия, Иран, Түркия, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан елдерінен және еліміздің үш театры - М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық театры, Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық театры, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық театры бақ сынады.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Ж.Аймауытов театры, театр, фестиваль, мәдениет