Білім  ордасы баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қойылым Қазақ КСР-інің Халық Комиссарлары Кеңесінің алғашқы төрағасы дүниеге келген күні, яғни 15 қазанда 2019-2020 оқу жылына арналған «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасын іске асыру аясында  дайындалған.

Туындыны тамашалауға тек мектеп ұжымы мен оқушылары ғана емес, сондай-ақ қаладағы аға буын ардагер ұстаздар арнайы шақырылған. 

Спектакль режиссері, мектептегі «Шабыт» театр үйірмесінің жетекшісі,  ҚР Тұңғыш президенті қоры сыйлығының лауреаты, Ж. Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалы драма театрының әртісі Айсұлу Балтабаеваның айтуынша, бұл спектакль - шағын театр үйірмесінің осы оқу жылындағы алғашқы дебюті.

Дайындыққа 10 күндей уақыт кеткен. Оқушылар қойылым кезінде  өздерін сахнада нағыз әртіс ретінде тамаша сомдап, трагедиялық драманы көрермендердің жүрегіне жеткізуге тырысқан.

Бас кейіпкер Сәкен Сейфуллиннің рөлін сомдаған 12 «С» сынып оқушысы Уатхан Нұрғиса қойылым жайлы  өз ойымен бөлісті:

-  Спектакльде алғаш рет ойнадым. Тағдыры тар жол тайғақ кешумен өткен алаш қайраткері халқының келешегі жарқын болуын армандап, азат өмір сүруі үшін күрескен еді. Аталмыш образды алып шығу оңайға түспеді. Осы орайда мен алдын ала Сәкен ағамыз жайлы мол мағлұматтармен танысып, оның мінезі мен бойындағы игі қасиеттері жайлы оқып білдім. Әрі оны көрсетуге тырыстым. Ең бастысы, көрермендердің көңілінен шықса деймін.

Педагог-ұйымдастырушы Жанбота Сансызбаева спектакльден ерекше әсер алғанын айтады.

-  Сыныбымның екі оқушысы - Нұрғиса Уатхан мен Азат Еділов керемет актерлік шеберліктерін көрсете білді, - дейді ол. - Нұғиса Сәкен Сейфуллиннің рөлін  шынайы көрсете білсе,  Азат жағымсыз кейіпкердің рөлін жетік сомдай алды. Қойылым соңында көңілімді мақтаныш сезімі  ұялады. Оқуышыларымды жаңа қырынан көрдім. Сол заманның кейіпкерлерін тамаша жеткізе білді. Тіпті, эмоцияға бой алдырып, соңғы эпизодта  көзіме жас үйірілді.

 

Ақбота Сейсенбаева

Фото: НЗМ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, мәдениет