№2 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Динара Тілеубаеваның мәлімдеуінше, алаңның ашылуына аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Маржан Хусаинова мен мектеп директоры Шынар Мұрсалова қатысқан.

- Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде домбыра сабақтарын мектептерге енгізу қажеттігін, ұлттық құндылықтарымызды жастарымыздың санасына сіңіріп, насихаттау өте маңызды екенін атап өткен болатын, - деді Динара Тілеубаева. – Осыған орай, мектебімізде қазақтың ұлттық аспаптарын меңгерту, балалардың бойында халық шығармашылығына деген сүйіспеншілікті ояту мақсатында мәжіліс залында домбыра алаңы ашылды. Ашылу рәсімінде домбыра үйірмесінің жетекшісі өз шәкірттерімен бірге күй ойнап, өнерлерін көрсетті.

Айта кетейік, аталған мектептің 1981 жылғы түлегі, «Самұрық Қазына» АҚ «Энергетика» секторының басшысы Қаныш Молдабаев «Домбыра сыйла» акциясына қатысып, білім мекемесіне 10 домбыраны сыйға тартқан. Сондай-ақ стендтердің жасалуына 2009 жылғы түлек, «Оксфорд» университетінің құрметті ғылыми қызметкері және Уорвик университетінің инженерлік факультетінің докторанты Торғын Шайхина қаржылай көмек көрсеткен.

Жалпы, домбыра алаңын ашуға 220 000 теңге қаржы жұмсалды.

pavlodarnews.kz

Тэги: Баянауыл, домбыра, домбыра алаңы, білім