Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Зәкәриянов мәлім етті.

- Павлодар ірі конфессиялық алаңы бар аймақ болып табылады, - дейді Дәулет Зәкәриянов. - «Дианетика» орталығы діни ұйым емес, қоғамдық бірлестік. 1996 жылдан бастап жұмыс істейді. Оның қызметін тоқтатуға тыйым салынған жоқ. Дегенмен, 2012 жылға дейін елімізде саентология діни бірлестік шіркеуі болған. Оның екеуі - Алматыда, біреуі - Қарағандыда және біреуі Семей қаласында істеген. Павлодар облысында әділет органына тіркелу мақсатында 2001 жылдары жүгінген болатын. Бірақ, белгілі бір себептермен мақұлданбады.

Спикердің айтуынша, 2012 жылы жаңадан қабылданған «Діни бірлестіктердің діни қызметі» Заңына сәйкес барлық діни бірлестіктер қайта тіркеуден өту кезінде өтпеген. Себебі, сарапшы мамандар діни бірлестік бола алмайтыны туралы қорытынды ұсынған және олардың қызметінде коммерциялық сипатқа ие екенін анықтаған. 

- Содан бері Қазақстанда саентология шіркеуі діни ұйымдары тіркелмеген, - дейді Дәулет Зәкәриянов. - Сондықтан олар діни ұйым ретінде жұмыс істеуге құқығы жоқ. Олар «Дианетика» орталығы және білім беру сияқты басқа формада көптеген өңірлерде жұмыс істейді. Алайда, діни қызмет етуге құқықтары жоқ. «Дианетика» әдебиеттерін тарата алады. Дегенмен, егер де саентология шіркеуі туралы әдебиет болса, тыйым салынады. Сондықтан тұрғындар осындай фактілерге тап болған жағдайда хабарласуы керек және тиісті шара қабылданады.

Айта кетейік, өңірде 13 түрлі конфессияның 155 діни бірлестігі тіркелген. Оның 98-і  – мешіт, 24-і  – православ бірлестігі, жетеуі – пятидесятник шіркеуі, біреуі - иудей қауымы, біреуі - кришна қоғамы, біреуі - апостол шіркеуі.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам