Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, азаматтық қорғау полковнигі Ернұр Өтегенов құтқарушылар құрылымындағы техникалар мен адамдар қызметке толыққанды дайын екенін атап өтті.

- Өңіріміздегі төтенше жағдайлар құрылымында 1,5 мыңнан астам адам жұмыс жасайды, - деді Ернұр Өтегенов. – Тек өрт сөндіру бағытында қалалар мен аудандарда 800-ден астам адам еңбек етеді. Облыс орталығында медициналық апат орталығы бар. Қалқаман мен Шідертіде жолға арналған медициналық пункттер орналасқан. Биыл бұл пункттер 250-ден астам адамға көмек көрсетті. Сондай-ақ ірі ғимараттардағы өрт қауіпсіздігіне жауап беретін акционерлік қоғамдастықтар да бар.

Күн сайын облысымызда 350-ден астам құтқарушылар мен өрт сөндірушілер кезекшілік қызметке шығады.

Бүгінде төтеншеліктердің 200-ден астам арнайы және өрт сөндіру техникалары бар. Құтқарушылардың арнайы киімдер саны 300-ден асады.

- 79 жаңа техника есепке алынды, - деді департамент басшысы. – Өткен жылы 10 жаңа ірі өрт сөндіру машинасын алған болатынбыз. 9 қазан күні сағат 9:00-де бір сәтте облыстағы барлық техникалар мен құралдар тексерістен өтті. Республикалық, облыстық, аудандық жолдардың бойында қызмет көрсететін техникалар дайындалды. Алдымызда жылыту маусымы келе жатыр. Жылыту маусымына дайындықты тамыз айында бастағанбыз. Дайындықтың екі кезеңі өтті. Үшінші кезең маусым соңына дейін жалғасады.

Құтқарушылар техникаларының арасында жол талғамайтын, батпақта да, суда да жүретін 3 көлік бар.

- «Трэкол» атты қос техниканың екеуі де жаңа, - деді құтқару бөлімінің жетекшісі Артем Лесовой. – Бұлар әзірге апатты жағдайларда қолданылған жоқ. Өзіміз сынақтан өткізіп көрдік. 8-10 адам сыяды. ГАЗ-53 жүк көлігінің базасында жасалған. Тағы бір техинка «Вея» деп аталады. Бұлар өзге техникалар өту қиын жерлерде қолданылады. Өзендерді өткенде, қарда, су басқанда, батпақтарда қажет. Мысалы, бір техниканы Баянауылдағы ауылдардың бірін су басқанда қолдандық. Судан адамдарды өткіздік. Ол суда үлкен дөңгелектері арқылы қайық сияқты жүзеді.

Айта кетейік, арнайы техникалар мен құтқару жабдықтарының байқауы Құтқарушылар күнінің қарсаңында өткізілді.

Оразбек Саяхат
Фото: автор және Роза Мұстафина

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, арнайы техника, ТЖ, ТЖД