Оған арнайы және жоғары оқу орындарының студенттері мен жұмыс істеп жүрген аспаздар қатысты.

Жастар бастамаларын дамыту орталығы ArtMedia инспекторы Айгерім Жиенбаеваның айтуынша, мұндай шара алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Шараның негізгі мақсаты - жас аспазшылардың тағам дайындау дағдыларын жетілдіру және дамыту, сонымен қатар, әртүрлі ұлттардың ұлттық дәстүрлеріне құрметпен қарауды қалыптастыру.

- Жыл сайын 20 қазанда Аспазшылар күнін бүкіл әлемнің аспаздары атап өтеді, - дейді Айгерім Жиенбаева. - Халықаралық дата 2004 жылы Бүкіләлемдік аспаздық қауымдастықтардың бастамасымен белгіленген. Бұл – аспаздық кәсіп туралы білімді арттыратын жаһандық бастама. Бүкіл әлемде кәсіби аспаздық ұйымдар шеберлік сайыстарын ұйымдастырады, дәм татып, түпнұсқа тағамдарды дайындаудан тәжірибе жүргізеді.

Қатысушылар төрт кезең бойынша сынға түсті: өзін-өзі таныстыру, көкөністер мен жемістерді турау, теориялық білімді тексеру және үй тапсырмасына әлем асханасынан бір тағамды дайындау.

Doner & steak house IZMIR мейрамханасының бас аспазы Гүлнар Күлтаева бағалау барысында тағамның дәміне, ұсынылуына, дайындау жылдамдығына назар аударылатынын айтты.

- Біздің мейрамханада тәжірибелі аспаздар және студенттер де бар. Жастар жаңашылдыққа құмар. Олармен жұмыс істеген қызықты, - дейді ол.

ПМПУ бірінші курс студенті Бағдан Тыныбек ирланд тағамын таңдаған. 

- Етті үлкен кесекпен ірі қылып тураймыз да, сәбіз, картоп, пияз қосамыз. Сорпасы тым көп болмау керек. Міндетті түрде соя тұздығын қосу қажет, - дейді студент.

Байқаудың ең жас қатысушысы – көлік және коммуникация колледжінің студенті 16 жастағы Альбина Куркумбаева өзбек палауын әзірледі.

Шараның соңында барылық он қатысушыға түрлі аталым бойынша блендерлер табыс етілді.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: автор және Роза Мұстафина

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, жас аспаздар, байқау, тағам