«Open Pavlodar» фронт-кеңсесінің негізінде мемлекеттік қызметтер бойынша өткізіліп отырған ашық есік күні іс-шарасы Павлодар облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ өкілдері және «Атамекен» кәсіпкерлер Палатасы қатысуымен өтті.

Павлодар қаласы әкімі аппаратының мемлекеттік қызметтер мониторингі және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау бөлімінің басшысы Алмат Рахымтайдың айтуынша, аталған іс-шараның мақсаты – ашықтық пен қолжетімділік аясында азаматтарға кеңес беру.

- Қала тұрғындары үшін ұйымдастырылап отырған Ашық есік күнінде жер қатынастары саласы, тұрғын үй саласы, сәулет және қала құрылысы саласы және білім саласындағы, яғни сұранысқа ие барлық мәселелерді қамтуға тырыстық, - деді Алмат Рахымтай. - Мысалы, «Атамекен» кәсіпкерлік, департамент – мемлекеттік кірістерге қатысты кеңес береді. Мұнда жеке кабинеттер жоқ, сол себепті барлығы ашық түрде өтеді. Мұндай акция ай сайын өткізіледі. Біз қала тұрғындары үшін мұндай іс-шараны жиі өткізгіміз келеді.

Сонымен қатар, бөлім басшысы «Open Pavlodar» фронт-кеңсесінде күн сайын азаматтарды қабылдау жүріп жатқанын атап өтті. Қала әкімдігіне жолданған мәселелер бойынша жауаптарды да осы фронт-кеңсесінде алуға болады.

Айта кетейік, фронт-кеңседе 19 үстел 40-тан астам мемлекеттік қызмет бойынша көмек көрсетеді. Ол үшін мұнда әлеуметтік қорғау, білім, қаржы, жер қатынастары, сәулет және кәсіпкерлік бөлімдерінің мамандары жұмыс істейді.

Айгүл Жүсіпова

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: