Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында өңірлік туризмді және спортты дамыту жөніндегі басқарма басшысы Марат Айдашев мәлім етті.

- Өңірімізде халықтың 30,5 пайызы спортпен тұрақты түрде шұғылданады, - деді Марат Айдашев. – Сол 230 мың адамның 70 мыңы ауылдық жерлерде тұрады. Биыл Железин ауданында үлкен спорт кешені ашылды. Оған қоса, Павлодар ауылымен Ленин кентінде кешендердің құрылысы жалғасуда. Ауқымды бассейн де пайдалануға берілді. Сондай-ақ қазір Усолка шағын ауданында мұз сарайын ашу мәселесі қарастырылып жатыр.

Спикердің айтуынша, облысымызда 916 дене шынықтыру ұжымы жұмыс жасайды. Оның 512-сі ауылда. Дене шынықтыру және спорт саласында 3255 адам қызмет етеді. Олар – педагогикалық білімі бар қызметкерлер.

Сонымен қатар, басқарма басшысы 2020 жылы өтетін жазғы олимпиадаға облыс спортшыларының дайындығын атап өтті.

- Өңіріміздің 572 спортшысы Қазақстан Республикасының құрамасына енеді. Оның 335-і олимпиадалық спорт түрлерінен ел құрамасына кіреді. Еркін күрес, велоспорт, жеңіл атлетика, жүзу, оқ ату, садақ ату, көркем гимнастика және бокс бойынша 18 спортшымыз 2020 жылғы Токио олимпиадасына жолдама алу үшін халықаралық жарыстарға қатысып жатыр.

Оразбек Саяхат
Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, спорт