Бұл туралы облыстық туризмді және спортты дамыту жөніндегі басқармасының бас маманы Нұрсұлтан Абыкешев мәлім етті.

- 7-ші рет өткізілген халықаралық жарысқа 28 елден 200-ге жуық еркін күрес палуандары қатысты, - деді Нұрсұлтан Абыкешев. – Павлодар облысынан бұл бәсекеде 3 палуан күш сынасты. 92 келі салмақ дәрежесінде күрескен Әбдіманап Байгенжеев - күміс медаль, 97 келіде белдескен Мамед Ибрагимов алтын медаль жеңіп алды.

Мамед Ибрагимов алтынға қол жеткізер жолда алдымен ресейлік палуанды жықты. Кейін Германия палуанынан айласын асырып, жартылай финалда америкалық палуанды жеңді. Финалда Жапония спортшысынан басым түсіп, 1-орын иегері атанды.

Ал, Әбдіманап Байгенжеев 4 белдесу өткізді. Алғашқы айналымда Ресей палуанын қапыда қалдырып, екіншіде қазақстандық палуаннан ұпайы артық болды. Жартылай финалда тағы да ресейлікпен белдесіп, жеңіске жетті. Финалда Беларусь палуанына есе жіберіп, 2-орынға қол жеткізді.

Еске сала кетейік, павлодарлық еркін күрес палуандары Саятбек Оқасов, Дәулет Шабанбай, Мамед Ибрагимов және Әбдіманап Байгенжеев Токио қаласындағы (Жапония) ХХХII жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін лицензияларды жеңіп алу құқығын беретін халықаралық рейтингтік жарыстарға қатысуда.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, еркін күрес, спорт