Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, полицейлер адамдар көп жиналатын жерлерде және қоғамдық көліктерде ұрлыққа қарсы арнайы іс-шаралар өткізеді.

2019 жылдың қаңтар айынан бастап 54 қалта ұрлығы тіркелсе, 2018 жылы 121 факті тіркелген, - деді баспасөз қызметінде. – Қоғамдық көлікте, сауда үйлерінде, мәдени–демалыс орталықтарында ұрлықтың алдын алу мақсатында ескерту сипатындағы аудиожазба тұрақты негізде жүргізіледі. Қалта ұрлықшыларының фотосуреттері, алдын алу ақпараты бар плакаттар орналастырылған.

Бірақ атқарылған шараларға қарамастан қалтадан ұрлау фактілері әлі де орын алуда. Сондықтан тәртіп сақшылары тұрғындарға, әсіресе халық көп жиналатын жерлерде қырағы болуды ескертеді.

- Егер 90-шы жылдары қалташылар әйел сөмкелерін кесу арқылы ұрлық жасаса, енді ұрылар адамдар көп жиналатын жерлерде ашық тұрған сөмкелерден және қалталардан құнды заттарды білдіртпей ұрлайды, - деді департаментте. – Қалта ұрлығының басым бөлігі қоғамдық көліктерде жасалады. Сондықтан қоғамдық көлікте, сауда орындарында, базарларда мұқият болған абзал. Сөмкелерді мұқият ұстап, киімнің сыртқы қалталарына құнды заттарды (ұялы телефондарды, құжаттарды, әмияндарды) салмау керек.

Департамент соңғы уақытта орын алған қалта ұрлығының бірінен мысал келтірді.

- Павлодар қаласының 22 жастағы тұрғыны кешкілік уақыт аралығында маршруттық автобуста күртешенің қалтасынан еркін қол жеткізуімен әйел адамның әмиянын ұрлап кеткен. Оның ішінде 130 мың теңге сомасында қаражаты, жеке куәлігі, төлем банктік карталары болған, - деді департаментте.

Фото ашық дереккөздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, ұрлық, ПД