Кездесуге қалалар мен аудандардың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшылары, мүгедек жандармен жұмыс істейтін мамандар, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы көмек көрсету мекемелерінің  басшылары, тауарлар ұсынатын және қызмет көрсететін үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері қатысты.

30 қазанда Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінде  өткен семинарға қатысып келген облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Зарина Аленова әлеуметтік қызметтер порталының негізгі ережелерімен таныстырып өтті.

 - Қараша-желтоқсан айларында еліміздің барлық өңірлерінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, - дейді Зарина Аленова. - Бұл портал 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап электронды үкімет (egov.kz) сайты арқылы іске қосылады. Жарымжан жандар порталдың көмегімен өздеріне қажетті техникалық көмекші заттар мен қызметтеді таңдап, сатып ала алады. Ол жерде әр адамның жеке кабинеті болады. Сондықтан порталға кіру үшін электронды цифрлы қолтаңба болуы тиіс. Жеке кабинетте барлық оңалту құралдары мен қандай қызмет алатыны көрсетіледі.

Бөлім басшысының айтуынша, медициналық-әлеуметтік сараптаманың қорытындысы бойынша ұсынылған арба, тифло-сурдо құралдарын сатып алуға болады. Тауарлардың бағасын мемлекет өтейді. Әр мүмкіндігі шектеулі адамның есебінде мемлекетпен субсидияланатын белгілі бір сома болады. Егер де қымбат зат алғысы келсе, үстемеақыны өзі төлейді. Баға республика бойынша бекітіледі.

 - Жаңа жылдан бастап кеңейтілген тізімнен жеке адамға іріктеуді талап етпейтін 24 техникалық көмек құралы енгізіледі, - дейді ол. – Оның ішінде ұнтақ, бейтараптандырғыш, крем, суды сіңіріп алатын төсек жаймасы бар. Бұдан кейін шілде айынан бастап жеке ыммен сөйлеу маманы, санаторлық-курорттық қызмет көрсету бойынша көмекші қосылады. Инватаксиден басқа барлық оңалту шаралары енгізіледі. Әрбір құралдың белгілі бір қолдану мерзімі бар. Мысалы, биыл телефон алса, келесі жылы ала алмайды. Тек бес жыл өткен соң ғана алады. Бұл порталда қашан және қандай сомаға алғаны көрсетіледі. Жыл сайын бюджеттік комиссия тауардың сомасы мен қанша қаражат салынатынын қарайды.

Айта кетерлігі, болжам бойынша аталмыш ресурсты Қазақстанның барлық қалаларынан 400 мыңнан астам адам мен 200 мың жабдықтаушы қолданады.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, денсаулық, медицина