Дөңгелек үстелге 50-ге жуық кәсіпкер мен инвесторлар қатысты.

«Қазақстан қор биржасы» АҚ басқарма мүшесі, бизнесті дамыту жөніндегі басқарушы директор Қайрат Тұрмағамбетовтің айтуынша, бүгінде көптеген компаниялар қаржы тартудың бір ғана түрін біледі. Ол - банк несиесі. Алайда әлемде көптеген ыңғайлы қаржы құралдары бар.

- Сол себепті өңірлерге барып, қор нарығы жайлы толық мәлімет таратып жатырмыз, - дейді Қайрат Тұрмағамбетов. - Қор биржасы дегеніміз - ақшасы бар және ақша қажет ететін адамдар кездесетін орын. Біз London Stock Exchang, New York Stock Exchange бар екенін білеміз, мұнда Microsoft, Аpple және басқа да өте үлкен компаниялар бизнесті дамытуға ақша тартты. Ал Alibaba Group үлкен қытайлық компаниясы өзінің тарихында бірде-бір банктік несие алмаған. Әдетте, мұндай корпорациялар қор нарығына шығады, онда қаражатты екі тәсілмен тартады. Бұл - үлестік, яғни акциялар шығару және борыштық қаржыландыру, яғни облигациялар.

Қазақстан қор биржасы бұл - көп функциялы сауда алаңы. Яғни, қатысушыларға сауда инфрақұрылымының әртүрлі түрі - валюта құралдарымен сауда, қор, мерзімдік және ақша нарықтарының барлық түрі қолжетімді.

- Бүгінде 120 мыңға жуық қазақстандық биржада сауда жасайды, - деді Қайрат Тұрмағамбетов. – Еліміздің ересек халқының 1 пайызға жуығы. Бұл өте аз, дамыған нарықтарда бұл сан 40 пайызға жетеді. Бүкіл әлемде адамдар жетекші компанияларға инвестиция салып, пайдадан дивидендтер алады. Қазақстанда «Қазатранспойл», «Қазақтелеком», KEGOC және басқа да корпорацияларды атап өтуге болады.

Басқарушы директор, шағын және орта бизнес үшін биржада осыдан төрт жыл бұрын балама алаң пайда болғанын атап өтті. Қатысушылар үшін талаптар өте қарапайым. Біріншіден, ХҚЕС стандарттары бойынша бухгалтерияны жүргізу, екіншіден, биржада тіркелген 22 компанияның бірінде міндетті түрде аудиттен өту керек. Балама алаңның қатысушылары үшін айналым бойынша талаптар жоқ. «Халықтық IPO» бағдарламасы арқылы қарапайым орташа статистикалық азамат ірі компания акцияларының иесі бола алады.

Айта кетейік, KASE ұлттық валюта нарығын дамыту мақсатында құрылған, өзінің жұмыс істеген жылдары ішінде қазақстандық қаржы нарығының ажырамас бөлігіне айналды. Отандық экономикада маңызды орын алады.

Айгүл Жүсіпова 

Фото: Қарлығаш Жексенова

pavlodarnews.kz

Тэги: