Әлеуметтік серіктестер оқу орнына «Электр байланысы, цифрлық коммутация жүйелері», «Байланыс желілері», «Байланысты ұйымдастыру» жабдықтарын тегін сыйға тартқан.

- «Электр байланысы, цифрлық коммутация жүйелері» зертханасына келетін болсақ, 2009 жылы 4 млн теңгеге түрік станциясы қойылған еді, - дейді жоғары электроника және коммуникациялар колледжінің басшысы Марат Нығметов. - Бірақ зертханаға қосымша заттарды ала алмадық. Биыл үш жақты меморандумның нәтижесінде «Қазақтелеком» АҚ жаңа техникалар бойынша жабдықтармен нығайтуға көмек көрсетті. Сондай-ақ байланыс-электроника мамандығы бойынша білім алатын студенттер сол жерде практикадан тегін өтеді.

Зертханаларда студенттер компьютерлер арқылы тіркеліп, сабақ үстінде абонентке қоңырау шалып хабарласу, қалқаншаға сым жалғау, құдықты ашып түсу бойынша және талшықтық-оптикалық әртүрлі кабельдердің кесінділерімен жұмыс жүргізеді. Бағандармен келген сымды кабинетке, үйге, биік үйлерге құдық арқылы кіргізуді көрсететін шағын макет қойылып, баған тірегі орнатылған.

 Бұдан басқа, радиоэлектроника мен байланыс тарихын көрсететін тағы бір қосалқы зертхана-музей ашылған. Ол жерде баған арқылы жалғанатын коммутатор, разрез, теміржол, үйде қолданған телефон аппараттары, патефон, радио, теледидар, пейждер, ұялы телефонның даму тарихы туралы білуге болады.

- Талшықтық-оптикалық байланыс желісіне  өңірде бірқатар ауылдар ғана қосылмай қалған, - дейді колледж директоры. - Облыс бойынша осы салаға қажет мамандарды біздің колледж ғана дайындайды. Бүгінгі таңда барлығы 970 студент білім алады. Оның 841-і күндізгі бөлімде оқиды. Өткен жылы қолданбалы бакалавр ашылған. Зертханаларда радиоэлектроника және байланыс мамандығына оқитын 300 студент жұмыс істейді.

Айта кетерлігі, 2019 жылдың тамызында оқу орны барлық нормативтік процедуралар мен растауларды өтіп, «Жоғары электроника және коммуникациялар колледжі» деген мәртебеге ие болған және үздік 10 колледждің қатарына енген.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: жоғары электроника және коммуникациялар колледжі

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, білім