С. Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткен шараға Серік Жақсыбаевтың жұбайы, ұлы және немересі, өңір аудандарының қызметкерлері қатысты.

Екібастұз қаласы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Анар Жанахметованың мәлімдеуінше, интернет-ресурс Екібастұз аймағының тумасы, өлкетанушы, ҚР Минералдық ресурстар академиясының корреспондент-мүшесі, экономика ғылымдарының кандидаты, академик Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтының және С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың профессоры, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Екібастұз қаласының Құрметті азаматы Серік Жақсыбаевты еске алу құрметіне арналған.

- Серік Жақсыбаевтың еңбектері әрдайым оқырманның шынайы қызығушылығын тудырады, - дейді Анар Жанахметова. - Ол - біздің өлкеміздің ғана емес, Қазақстанның да тарихын жазған өлкетанушы. Ғалым-зерттеушінің қаламынан ондаған тарихи очерктер мен мақалалар, жинақтар мен кітаптар туындаған. «Экибастузский каменноугольный бассейн», «Наш «Богатырь», «Минеральное сырье Павлодарской области», «Об этногенезе казахского народа», «Қазақ жайлы сөз», «Записки краеведа» сияқты туындылары өте құнды.

Сайт қазақ және орыс тілінде қолжетімді. Бірнеше бөлімнен тұратын өлкетану веб-ресурсында Серік Жақсыбаевтың 3 қазақ тілінде, 15 орыс тіліндегі кітабы мен 47 қазақ және 46 орыс тіліндегі мақаласы жарияланған.

- Екібастұз қаласы кітапханасы мен облыстық кітапхана ұжымына осы шараны ұйымдастырғандарына алғыс айтамын, - дейді өлкетанушының жұбайы Шолпан Жүнісова. - Әдемі өмір сүріп, дүниеден әдемі өткен Серік Имантайұлын келесі ұрпақ үлгі тұтып, оның еңбек жолын әрі қарай дамытады деп ойлаймын.

Айта кетерлігі, Серік Имантайұлы көзі тірісінде Екібастұз қаласының орталық қалалық кітапханасымен авторлық келісімшартқа қол қойып, кітаптарын сандық форматқа көшіруге және кітапхана сайтында орналастырғуа рұқсат берген. 

Интернет-ресурсты мына сілтеме бойынша табуға болады: https://lib-ekb.wixsite.com/zhaksybayev

Айгүл Жүсіпова

Фото: автор

 

 

 

 

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, мәдениет