- Заңсыз онлайн билеттер ендігі сатылмайды, - дейді  облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ринат Қойсоймасов. - Қарағанды тарапы өз жағынан қозғалысты тоқтататыны туралы жариялағаннан кейін  автовокзал автоматты түрде билет сатуды тоқтатты. Қазіргі таңда жағдай тұрақты.  Мониторинг жүргізіледі. Ол үшін инспекция, жергілікті полиция қызметімен бірге жұмыс тобын құрдық. Барлығы кестеге сай жүреді. 23 қазанда «Балтабаев» ЖК-ден өтініш келіп түскеннен кейін 25 қазан күні бірден   комиссия құрдық.  Сол күні «Автовокзалсервис» автобусы тоқтатылды, дегенмен қоғамның ашуын тудырмау және шу шығармау үшін жолаушыларды түсірген жоқпыз. Сондықтан оларды өткіздік. 27 қазан күні  бақылау пунктінде автобус  автовокзалға  бұрып, сол жерде  басқа автобусқа отырғыздық. Себебі,  бірінші кезекте бұл жолаушылардың қауіпсіздігі үшін  жасалған болатын.

Павлодар облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Ботанай Салмақованың айтуынша, «Автовокзалсервис» ЖШС «Павлодар Interbus» тасымалдаушысының заңсыз рейсіне билеттерді өз еркімен сата бастаған. Кеше ғана инспекция «Автовокзалсервис» ЖШС-не қатысты әкімшілік материал қозғаған және материалдар сотқа жіберілген.

 - Кеше инспекция «Автовокзалсервис» ЖШС-не қатысты 571-бап, 2-бөлімі - «Жолаушыларды тасымалдау ережесін бұзу» бойынша әкімшілік материал толтырды, - дейді Ботанай Салмақова. - Сондай-ақ 27 қазанда рейске шыққан  «Балтабаев»  ЖК-ге  хаттама толтырылды. Әрі қарай  қарастыру үшін материал сотқа жіберіледі.  Желідегі жолаушылар тасымалына бақылау қызметі 2019 жылдың  4 мамырдан бастап  көлік бақылау инспекциясына тапсырылған. Бұған дейін біз  шаруашылық субъектілерін тексеру кезінде ғана тексере алатын едік. Егер қандай да бір өтініш түссе, тексеріс болады. Тексеріс тексеру парағына сәйкес жүргізіледі.   Біздің іс-әрекетімізге заңмен шектеу қойылған.  Жай ғана кәсіпорынға кіріп, мониторинг жүргізе алмаймыз.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметі бойынша, «Павлодар Interbus» ЖШС-де «Павлодар – Қарағанды» маршрутына қызмет көрсету құқығы жоқ, заңды тасымалдаушы – «Балтабаев Н. М.» ЖК, ол осыдан бір жыл бұрын жолаушыларды тасымалдауға тендерді жеңіп алған.

Еске сала кетейік, 27 қазан күні кешке Павлодар автовокзалында екі бәсекелес тасымалдаушылардың дауына байланысты бір сағатқа көлік кептелісі пайда болды. «Балтабаев Н. М.» ЖК автобусы «Павлодар Interbus» ЖШС тиесілі «Павлодар-Қарағанды» бағыты бойынша жолға шыққан басқа автобустың шығуына тосқауыл қойған.

 Екі бәсекелес фирманың арасындағы даудың ортасында қалған 40 жолаушы  Павлодардан жоспарланған  уақыттан бір сағатқа кеш шыққан. Сондай-ақ, бұғатталған автобус трамвай жолдарын қоршап алып, салдарынан алты трамвай өз  маршруты бойынша кете алмаған.

 Фото: ӨКҚ

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам