«Қазақстанның еріктілер лигасының» ҚҚ төрайымы Айсұлу Ерниязова павлодарлық жастардың белсенділігін атап өтіп, еріктілік кез келген адамның бойына дарыған қасиет екендігін айтты.

- Павлодарда жастар саясаты өте қарқынды жүзеге асырылуда, жастар өмірі қайнап жатқаны көрініп-ақ тұр, - дейді Айсұлу Ерниязова. – Дегенмен, мейірімділік көп болмайды. Сондықтан Еріктілер жылы қарсаңында әрбір адамның бойында бар ерікті сезімін оятуды көздейміз.

Айсұлу Ерниязованың айтуынша, бес жыл бұрын Алматыда жұмысын бастаған «Еріктілер лигасының» Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Қостанай және Петропавл қалаларында филиалдары ашылған. Павлодарда ашылғаны – бесіншісі.

«Жас Отан» ЖҚ облыстық филиалының төрайымы Санира Жүсіпова айтқандай, «Еріктілер лигасының» тұсаукесерлері қаламыздың екі жоғары оқу орындарында өткізілді. Жастармен өткен бұл жиындар көрсеткендей, аталған ұйымға деген қызығушылық зор.

- Президентіміз 2020 жылды Еріктілер жылы деп жариялады. Бұл - жастар үшін үлкен мүмкіндік. Бүгін мен де «Қазақстанның еріктілер лигасының» қатарына еніп, сол арқылы еліміздің дамуына үлес қоссам ба деймін, - деді кәсіпкер Есбол Әбдіренов.

Айсұлу Ерниязова айтып өткендей, филиал ашқанда мүшелер санының көптігі немесе аздығы маңызды емес.

- Тіпті он адам құлшыныс білдірсе, біз оған барлық жиған тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз. Алайда, басқа филиалдарымызды алып қарасақ, оларда жұмыс істеуге кемінде 50 ерікті ынта білдіріп отырды. Бастысы - филиал жыл соңына дейін бір жобаны жүзеге асыруы тиіс, - дейді Айсұлу Ерниязова.

Айта кетейік, 2017 жылғы Универсиадаға «Қазақстанның еріктілер лигасының» 3000 волонтері қатысса, EXPO-2017 көрмесінің өткізілуіне ұйымның 900 еріктісі атсалысты.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: волонтер, еріктілер, Қазақстанның еріктілер лигасы, Санира Жүсіпова, Жас Отан