- Оқушылардың қызығушылығын ояту мақсатында адам ағзасын 4 D форматында зерттеу жүргізіледі, - дейді жас ұстаз. – Бәлкім, олардың арасында болашақта медицина саласына баратындары болуы мүмкін. Жалпы, кез келген адам үшін адамзат анатомиясы туралы ілімді меңгеру артық етпейді. Оқушылар ұялы телефондағы 4 D анатомия қосымшасын жүктеп алып, сабақта үлгермеген тақырыпты әрі қарай үйде зерттей алады. Сондай-ақ, 4 D анатомия сайтынан қағазға басып шығарып алып, экранды бағыттаған кезде адамның қаңқасы мен ішкі құрылысы, бұлшық еті анық шығады. Сабақты ағылшын тілінде де өткізетін кездер болады. Оқушыларымның сабаққа деген ынтасы зор.

Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының түлегі ауылға арнайы кәсіби бағдармен жіберіліп, сол жерде тұрақтап қалған. Бос уақытында шахмат, футбол ойнағанды, кітап оқығанды ұнатады.

2016 жылы аудандық ұстаздар арасындағы пән олимпиадасы мен  аудандық, облыстық «АКТ білім беруде», «Жас маман – 2015», «Жыл мұғалімі - 2018» байқауларының жүлдегері.

- Мен көпбалалы отбасында өстім, - дейді ол. - Отбасымызда бес бала бар. Әкем мен анам - қарапайым адамдар. Мұғалімдікке қызығушылығым осы отбасымнан басталады дей аламын. Өйткені, ағам да, әпкем де, жеңгелерім де ұстаздық жолын таңдаған. Ұстаздық – ұлы жол. Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан әлемдік білім кеңістігіне еніп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру - кезек күттірмейтін мәселе. Осы бағытта ұстаздардың қосар үлесі зор.

Еске сала кетейік, Айтмұқан Бекболатұлы қыркүйек айының аяғында өткізілген облыстық «Жыл мұғалімі-2019» байқауының бас жүлдесін жеңіп алған.

 

Томирис Бекжан

Фото: облыстық білім беру басқармасы

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, білім