Жобаның мақсаты - ата-бабадан келе жатқан ұлы мұраны кеңінен насихаттап, халық ауыз әдебиетінің айтыс, дәстүрлі ән, терме, күй, ұлттық ойындар, жаңылтпаш, жұмбақтар фольклорын шалғайда жатқан елді мекендегі халыққа дәріптеу.

Бұл керуен Аққулы ауданының киелі Мерғалым ауылынан бастау алып, Железин ауданында аяқталды.

«Шаңырақ» облыстық орталығының басшысы Риза Аяпбергенованың айтуынша, аталмыш жоба бойынша орталық қызметкерлері, әдебиет және өнер қайраткерлері, шығармашылық зиялы қауым өкілдері 2019 жылдың 1-ші наурызынан бастап 10-шы қыркүйекке дейін облыстың барлық елді мекендеріне іс-сапарға шыққан.

«Шаңырақ» облыстық орталығында өткен гала концертте 14 номинация бойынша марапаттау рәсімі өтті. Сондай-ақ «Ұлы дала өнерінің үздік шеберлері» және «Ұлы даланың ұлттық тағамдары» көрмесі ұйымдастырылды.

Баянауыл ауданының Күркелі ауылынан келген Бақытжан Жүнісовтың бұйымдары «Ұлы дала өнерінің үздік шеберлері» көрмесіне қойылды.

- Мектеп бітіргеннен бері қолөнермен айналысамын, - дейді Бақытжан Жүнісов. - Өзім ат баптаушымын. Ат әбзелдерін өз қолыммен жасаймын. Көрмеге қойылған қамшылар, өткір кездіктер, ер тұрмандардың барлығын өзім жасадым. Сондай-ақ, қазақтың құмай тазысы мен лашын құсын баптаумен айналысамын. 2019 жылы ақпан айында өткен құсбегілер жарысы Қазақстан чемпионатының жеңімпазымын. Құсымның аты - Көкдауыл.

Облыс мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында Павлодар облысында 200-ден астам жоба жүзеге асырылатынын атап өтті.

- Сол жобалардың ішінде бірегейі, ерекшесі «Ұлы даланың өнерпаздар керуені» атты жобасы, - дейді басқарма басшысы. - Бұл жоба өңіріміздің барлық ауылдарының қатысуымен ерекшеленеді. Өнерпаздардың ауыл- ауылды аралауы тамаша идея болды. Бұл жобаның басты мақсаты ұлттық құндылықтарымызды насихаттау болып табылады. Сол себепті, осы жоба күнделікті әдетке, дәстүрге айналса екен деген ойымыз бар.

Жоба қорытындысы бойынша бас жүлдені жеңіп алған Май ауданына музыкалық аппарат табысталды. Үшінші орынды - Аққулы, екінші орынды - Ертіс және бірінші орынды Баянауыл ауданы қанжығаларына байлады. Жүлдегерлер дыбыс күшейткіш, микшерлік микрофон және микшерлік пультке ие болды.

Айгүл Жүсіпова

Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: