2007 жылы «Сарыарқа самалы» газетінің 80 жылдық мерейтойына орай алғашқы рет өткізілген турнирдің республикалық мәртебеге ие болғалы үшінші мәрте өткізілуде. Жарысқа еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей қалалары мен Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Қызылорда, Алматы және Маңғыстау облыстарының спортшылары қатысуда. Жарыс «Рухани жаңғы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.

Турнирдің ашылу салтанатында сөйлеген «Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев доданың өткізілуіне қолқабыс жасаған «Ертіс Медиа» ЖШС, «Нұрқай» дүкені мен «Шахмат үйіне» алғыс білдірді.

- Қазақ атам осы тоғызқұмалақты математикалық қабілетке, алғырлыққа тәрбиелейтін ойын ретінде ерекше бағалаған, - деді Нұрбол Жайықбаев. – Осыған дәлел ретінде Жидебайда сақтаулы тұрған Абай бабамыздың ойнаған тақтасын айтуға болады. Жарыс жүлдегерлері, номинация иегерлері мен барлық қатысушыларға сертификаттар әзірледік.

Өз кезегінде Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Дастан Қапаев Федерация президенті Әлихан Байменовтың атынан сәлем жеткізіп, турнир қатысушыларына сәттілік тіледі. Аталған ойынның адамның интеллектуалдық мүмкіндіктерін дамытатынын атап өткен ол тоғызқұмалақпен айналысқан жастардың жыл сайын ҰБТ-да 100-ден астам балл жинайтынын айтып өтті.

Тоғыз турдан тұратын турнирдің әрбір партиясы 20 минуттық «рапид» түрінде өткізіледі. Бүгін жарыстың алты туры, ал ертең қалған үш туры өтеді.

Айта кетейік, 2017 жылы «Сарыарқа самалының» дәстүрлі жарысы 10-рет өткізілгенде 406 спортшы қатысқан еді. Күні бүгінгі дейін елімізде өткен тоғызқұмалақ турнирлерінде мұнша көп адам қатысқан емес.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: тоғызқұмалақ, ұлттық спорт, Сарыарқа самалы, газет, Шахмат үйі