Бұл туралы Baq.kz хабарлайды.

- Айдос Ыдырысұлы, бізге сұхбат беруге уақыт бөлгеніңіз үшін алғыс білдіреміз. Ең алдымен сұрағым келіп отырғаны, Нұрсұлтан Әбішұлы әлеуметтік желіде талқыланып жүрген тақырыптардан хабардар ма?

- Әлеуметтік желі бүгінгі өмір салтымыздың айырылмас бөлігіне айналды. Таңертең ұйқыдан тұрған бойда әрбіріміз сол әлеуметтік желілерді ашып, соңғы жаңалықтарды, достардан келген хаттар мен сауалдарды қараймыз. Бұл жақсы немесе жаман деп бөліп-жаруға келмейді. Қазақстанның үлкен қалаларынан бөлек шалғай аудан, ауылдарға интернеттің жетуі қоғамның ақпарат алаңындағы белсенділігін арттыра түсті. Сәйкесінше, біздің парақшаларға келіп түсетін хат-хабар саны да артып келеді. Әлбетте, олар бойынша Нұрсұлтан Әбішұлына арнайы есеп дайындалады. Әлеуметтік желі, ақпараттық ресурстарға мониторинг жасап, трендтерді айқындап, жаңалықтар топтамасын беріп отырамыз. Солардың кейбіріне Елбасы соңғы сұхбатында арнайы тоқталып кеткен болатын.

- Инстаграмдағы elbasy_nazarbayev парақшасына келіп түсетін хаттарды кім қарастырады?

- Бүгін қоғамдық-саяси мәселелердің талқылануы, билік пен халықтың диалогы жаңа деңгейге шықты. Біз де бұл трендтен қалыс қалмауға тырысамыз. Қазіргі таңда инстаграм парақшамызда 20 мыңнан астам қолданушы бар.

Белсінді жұмыс бастағанымызға бірнеше ай ғана болды. Хаттар жайлы айтар болсақ, оқырмандардан сан-алуан хаттар келіп жатыр. Көпшілігі Елбасыға жақсы тілектер айтып, қолдауын білдіріп жатады. Кейде қызықты, ерекше хабарламаларды көреміз. Мысалы, өткенде бір қолданушы "Құрметті Елбасы, мені жүргізуші етіп жұмысқа алыңызшы" деп жазыпты. Тағы бір Иманжанова Жанна есімді оқырман "Жаңа ғана түсімде Елбасымен сөйлесіп отыр екенмін! Өзім соған қатты қуанып отырмын! Рахмет Сізге Елбасы!" деп түсінде көргенімен бөлісті. Дегенмен, нақты проблемаларын жазатындар да жоқ емес. Біз оларды жауапты мекемелерге, "Nur Otan" партиясына жібереміз.

Негізі тұрғындар мәселелерін Қазақстан Республикасының "Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы" заңына сәйкес құзырлы органдарға тікелей жібергені жөн. Біздің қоғамда бастыққа, әкімге, министрге, тіпті президентке кіріп айтпаса, хат жазбаса іс бітпейтіндей ой қалыптасқан. Оның астары да жоқ емес. Жергілікті деңгейде мәселе шешілмеген соң тұрғындар осылай жасауға мәжбүр. Ауыл, аудан, қалалардың деңгейінде шешілуі тиіс мәселелер республика деңгейіне шықса, жергілікті билік өкілдерінің жұмыс тиімділігіне және сапасына назар салу керек деген ой туындайды.

Сол себепті де Елбасы Партия фракциясына әлеуметтік желідегі жұмысты күшейтіп, халықтың мұң-мұқтажына уақытылы жауап беруді, қоғамдық қабылдауларды белсенді ұйымдастыруды, қоғам талқысындағы резонансты мәселелерге араласып, пікір білдіріп отыруды тапсырды. Бұл жүйелі жұмыстар барысында қордаланған мәселелердің күрмеуі шешіліп, халық пен биліктің арасындағы өзара сенім арта түседі деп санаймын.

- Байқағанымыздай, сіз Тwitter-дегі парақшаңызды көбіне орыс және ағылшын тілінде жүргізесіз. Оған не себеп?

- Иә, бүгінгі таңда әрбір парақша иесі өзінің аудиториясына қарай пост жасайды. Яғни сіздің оқырмандарыңыз негізінен қазақ тілді болса, сіз оларға орыс немесе ағылшын тілдерінде ақпарат бермейсіз. Сол сияқты Тwitter желісіндегі жеке парақшамның оқырмандары негізінен орыс және ағылшын тілінде болғандықтан, мен де сол тілдерде жазуға тырысамын. Бұл қазақ тілінде мүлдем жазбаймын дегенді білдірмейді. Мемлекеттік тілде де жазып отырамын. Сонымен қатар, әзірге Тwitter платформасында қазақша аудитория аз екенін және ол менің дербес парақшам екенін ескерген жөн.

Негізінен қазақ тілді оқырмандер Ү.outube, Іnstagram желілерінде ерекше белсенді. Біздің ресми парақшаларымыз да сол жерде. Өз кезегімізде аталған желілердегі парақшаларымызда 2 тілді қатар алып жүреміз. Алдымен қазақша, артынша орыс тілінде ақпарат жазылады. Келешекте қазақ тілді аудитория жан-жақты дамиды деген үміттемін, сол себепті Тwitter желісіндегі парақшамда қазақша контент көбейе түсуі әбден мүмкін.

Айта кететін бір жайт, біз elbasy.kz сайтын жасадық. Тіпті, жаңа латын әліпбиіне сай дайындап та қойдық. Алайда, нақты жазба ережелерін бекіткенге дейін күтуді ұйғардық.

Әзірге қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының қызметіне қатысты жаңалықтарды сайтта да үнемі жариялап отырамыз. Одан бөлек, сайтта галерея мен архивті суреттер, кітаптар мен жариялымдар, шешімдер мен тарихи оқиғалар жайлы ақпараттар таба аласыз.

- Сұхбатыңызға рахмет!

pavlodarnews.kz

Тэги: