Шараны облыстық кітапхананың «Кітап. Тұлға. Заман» жобасы аясында Успен ауданының орталық кітапхана жүйесі ұйымдастырды. Кеш Ертіс өңірінің белгілі тұлғалары Темірболат Арғынбаев, Қимадиден Нығманов, Құдайберген Әлсейітовке арналды.

- Облыстық кітапхананың бастамасымен қолға алынған жоба аясында әр аудан кітапханалары осындай шара өткізуге тиісті, - деді аудандық орталық кітапхана жүйесінің басшысы Әсем Ысқақова. – Біз өз кезегімізде өңіріміздің тарихи тұлғаларының мұраларын насихаттауды жөн санадық. Облысымыздан шыққан ақын-композиторлардың өлеңін оқып, әнін орындап, солар туралы елге жеткізсек дейміз. Бүгінгі кеште ауданымыздағы өнерпаздар мен кітапханалар жүйесінің қызметкерлері өнер көрсетіп отыр.

Әдеби-сазды кешке облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов және Успен ауданы әкімінің орынбасары Альмира Дисюпова қатысты.

Кеш барысында «Қимаш пен Иса ақын» және Құдайберген Әлсейітовтің жастық шағы туралы көрініс қойылды. Сондай-ақ ел арасына кеңінен таралған «Құдайбергеннің желдірмесі» әні шырқалып, қойылым арқылы «Танакөз» поэмасынан үзінді оқылды.

Әсем Ысқақованың айтуынша, аудандық орталық кітапхана жүйесінің жүзеге асырылып жатқан өзге де жаңа бастамалары бар.

- Бізде қазан айынан «Библиотерапия» шарасы басталды. Мұнда мүмкіндігі шектеулі, кітапханаға келуі қиындаған оқырмандардың, қариялардың үйлеріне кітаптар жеткізіледі. Бұрынғы оқыған кітаптары басқасына ауыстырылады. Оған қоса, ұйымдар мен мекемелерде көрме ұйымдастырамыз. Оқырмандар көрмеден өздеріне кез келген кітаптарды таңдап, оқуға ала алады, - дейді Әсем Ысқақова.

Айта кетейік, Успен ауданының орталық кітапхана жүйесінің қорында 168 мың кітап бар. Оның ішінде 59 мыңы - мемлекеттік тілде. Қазіргі уақытта оқырмандар саны 7400-ден асады.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, тұлғалар, кітапхана, Успен