С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Кітап. Тұлға. Заман» жобасы аясында өткен кеште басқарма басшысы қазіргі уақыттағы кітапханалардың жұмысы жайлы айтып берді.

- «Кітап. Тұлға. Заман» – облыстық кітапхананың жақсы бір жобасы, - деді Ернұр Дәуенов. – Атауының өзінде мән жатыр. Шынымен де қазір бізде адам үшін, тұлға үшін күрес жүргізетін уақыт туып тұр. Адамның зейінін аулайтын дүниелер көп. Қазір әр мекеме сол үшін күресуде. Әсіресе, бұл – қоғамдағы жастар арасындағы үлкен мәселе. Бұл жоба – жастардың зейінін аулап, ортаға қосу үшін атқарылып жатқан жұмыстардың бірі. Бүгінгі кештің тиімділігі жоғары. Сол үшін әлі де жастарды көптеп тарту керекпіз.

Басқарма басшысы кез келген шарада адамдардың қатысуына, сол кештің мәнін ұғынуына басты назар аудару керектігін айтып, кітапханалардағы шараға бір-екі адам қатысқанның өзі нәтиже екенін атап өтті.

- Көбісі кітапханадағы жұмыс оңай деп ойлайды, - деді Ернұр Дәуенов. – Кітап оқып, жайлы орында отыра беретіндей түсінеді. Алайда бұл жерлерде көп жұмыс атқарылып жатыр. Кітапханашылар оқырмандар мен қорды қалыптастыру үшін шынымен күрес жүргізуде. Өңіріміздегі кітапханаларда аптасына 2-3 шара өтеді. Қоғаммен күрес жүріп жатыр десем болады. Адамдар басқа жеңіл шаралар болса, көп жиналады да, осындай мәні бар шараларға өздігінен келмейді. Сондықтан әлі де жұмыс атқару керек. Жақсылап ойластырып, тың идеялар тауып, ұйымдастырған жөн. Бір-екі адамның санасына әсер етсек, жұмыстың жемісі сол болмақ. Сол себепті, оқырмандар көбейе берсін. Жалпы, мен біздің кітапханаларда адамдар Iphone 11-ге кезекке тұрғаны сияқты жиналатын деңгейге жетсе деп армандаймын.

Еске сала кетейік, бүгін С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Сиқырлы музыка әлемі» атты кеш өткен болатын.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, кітапхана, оқырман, тұлға, мәдениет