Toraighyrov University студенттер үйінің алдындағы алаңда «Nur Otan» партиясының «Менің туым, Менің Отаным!» акциясы аясында мемлекеттік Туға құрмет көрсетілді.

- Біздің университетіміз «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бастаған акцияға қолдау білдіруде, - деді университеттің жастар саясаты және әлеуметтік мәселелер бойынша департаментінің директоры Дархан Қаржаубай. – Университетіміздің бас оқу корпусында мемлекеттік Ту бұрыннан бар. Біз акция аясында мемлекеттік Туды университет аумағының дәл ортасы болып саналатын алаңда көтерудеміз. Бұл ту тұрақты түрде осы жерде тұратын болады. Ту – мемлекеттік символ болғандықтан, күнделікті студенттердің көз алдында тұруы патриоттық сезімдерін оятады және рухын көтереді.

Шараға қонақ ретінде «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко қатысты.

- Акция партиямыздың идеологиялық, патриоттық жұмысы аясында сауда үйлері, білім ордаларында қолға алынуда, - деді Илья Теренченко. – Осы арқылы мемлекеттік символдарымызға деген құрметімізді білдіреміз. Акцияны республика бойынша өткізудеміз. Бүгінгі жиналғандарға алғыс білдіремін! Бұл жас буынға үлгі болады. Біздің Геннадий Головкин, Димаш Құдайберген сияқты азаматтарымыз Туымызды әлемге танытуда. Сіздер де мемлекеттік Туымызға мақтанышпен қарауға, танытуға тілектеспін.

Toraighyrov University студенттер үйінің алдында мемлекеттік Туды көтеру шарасына университет қызметкерлері мен студенттерінен 300-ге жуық адам жиналды.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, "Nur Otan", партия, акция, университет, Toraighyrov University